Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, премьер-министр Асқар Мамин мен ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов Маңғыстау облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты, онда өңір әкімі лауазымына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Нұрлан Ноғаевтың кандидатурасына бірауыздан қолдау білдірілді.
Маңғыстау облысының активімен өткен кеңесте Асқар Мамин Серікбай Трұмовтың өңірді дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, облыс басшысы лауазымында атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.
Үкімет басшысы жаңа әкімді таныстырып, оның өңірлік және республикалық деңгейдегі басшылық лауазымдарда атқарған мол еңбек тәжірибесін айтты.
Жаңа әкімнің алдына өңірдің кешенді әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша маңызды міндеттер қойылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының дамуына ерекше көңіл бөледі. Өңір өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика және туристік салаларда зор әлеуетке ие, — деді Асқар Мамин.
Премьер-министр инвестициялар тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлікті қолдау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және табысын арттыру жөніндегі міндеттерді шешудің маңызын атап өтті.
Нұрлан Ноғаев 1967 жылы туған. И.Губкин атындағы Мәскеу мемлекеттік мұнай және газ академиясын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Ресей сыртқы істер министрлігі «Халықаралық қатынастар университеті» Мәскеу мемлекеттік институтын бітірген.
Әр жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, Энергетика және минералды ресурстар министрлігінде басшылық қызметтер атқарды, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының әкімі болды.
2019 жылғы 18 желтоқсаннан бастап энергетика министрі қызметін атқарды.
Еске салайық, бүгін, 7 қыркүйекте президент жарлығымен Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов қызметінен босады. Оның орнына өңірге бұрынғы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев әкім болып тағайындалды.