Әнуарбек Майшыбаевтың жасы 37-де. Ол 18 жасында жол апатына ұшырап, содан бері арбаға таңылған. Отбасын құрған, жары да арбамен жүреді. Анасы — зейнеткер.
Сырғыма баспалдақ, жер үсті лифті
Әнуарбек Майшыбаевтың сөзінше, Алматыда Семейге қарағанда мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасалған. Қаладағы біраз мекеме, ғимарат кіребесінде сырғыма баспалдақ (пандус) бар. Алайда оның көбі іске жарамсыз деуге болады.
Пандустың көбі өте биік, тік орналасқан. Одан арбамен сырғанап түсу мүмкін емес. Менің жанымда әрдайым анам көмекші ретінде бірге жүреді. Кей пандустан анамның көмегімен де шығып, түсе алмаймын, — дейді респондент.
Біз Алматының орталығы болып есептелетін Климент Тимирязев көшесі бойымен жүрдік. Әуелі әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті алдындағы жерасты өткеліне бардық, Әнуарбектен ондағы сырғыма баспалдақты қолданып көруді сұрадық, бірақ ол баспалдықтың көрген бойда бірден бас тартты. Өйткені одан түссе, құлап жарақаттанатын айтты.
Бір жақсысы, екі жағында ұстауға болатын таянышы (перила) бар екен. Дегенмен өте биік. Қазір түссем, арба қатты жылдамдықпен сырғанап, тоқтай алмай қаламын. Мұндай биік әрі ұзын сырғыма баспалдақтарда арнайы электр көтеру құралы болуы керек, — дейді Әнуарбек.
Дәл осы университетке қарсы бетте орналасқан тез дайындалатын тағам ортылығына кірдік. Ондағы сырғыма баспалдақ кішкентай екен, бірақ бұл қауіпсіз деген сөз емес. Онда мүгедектігі бар адам ұстап түсуі керек таяныш (перила) жоқ. Оның үстіне, сырғыма баспалдақ кафельден жасалғандықтан өте тайғақ.
Әріптестерім Тимирязев пен Әуезов көшесіндегі KFC тағам орталығының пандусы да ыңғайсыз екенін айтқан, — дейді арбадағы адам.
Әнуарбек те, әйелі де «Мұзбалақ мүгедектігі бар адамдар» бірлестігінде жұмыс істейді. Олар жалақысын алу үшін банк қызметіне жүгінеді.
Әнуарбектің айтуына қарағанда, қаладағы көп банк ғимаратындағы пандус арқылы көтерілу-түсу қиын. Бірі өте биік болса, енді бірі ыңғайсыз.
Мысалы, Көктем-2 шағынауданында орналасқан Halyk bank ғимараты алдындағы мына пандус тегіс емес екенін байқадық. Әнуарбек соның кесірінен арбамен әрең көтерілді.
Алайда ол қайта төмен түсе алмады. Түссе, алда тұрған көлікке соғылады. Сол себепті оның түсуіне досы көмектесті.
Бұл — тек Halyk банкінде емес, басқа банк бөлімдерінде бар проблема, — дейді ол.
Климент Тимирязев көшесі бойымен жүріп келе жатқанымызда Әнуарбек бізге жол-жөнекей түсіп-шығуға ыңғайсыз пандустарды көрсетті.
Бұл — Алматы горнизонының әскери соты ғимараты алдындағы пандус.
Шәкен Айманов және Климент Тимирязев көшесі қиылысындағы Invitro медицина талдаулары және оған қапсарлас орналасқан cұлулық салоны кіреберісінде пандус атымен жоқ. Олардың ортасында орналасқан жабық мекеме алдында ғана мүгедектігі бар азаматтарға арналаған баспалдақ тұр. Алайда оның көмегімен сұлулық салонына да, медицина талдау орталығына да кіру мүмкін емес.
Coworking and computer club алдында да сырғымалы баспалдақ бар екен. Алайда арбадағы адам біреудің көмегінсіз одан жоғары шыға алмайды. Әнуарбек тағы да досының көмегіне жүгінді.
Мына баспалдақ жәшік тұрған жерге дейін созылса, мүгедектігі бар адамға өз бетімен көтерілу-шығу оңай болар еді, — дейді арбадағы адам.
Әнуарбек Coworking and computer club жанындағы Legenda жаттығу залының алдындағы баспалдақтан түсті. Бұл пандусты ешкім қолданбайтынын байқадық. Себебі Әнуарбектің қолы әбден былғанды.
Кейіпкеріміз Желтоқсан мен Қазыбек би көшесінің қиылысындағы дәріханаға да кіре алмады. Себебі онда пандус жоқ әрі баспалдақтары үлкен.
Әнуарбек Майшыбаев қалада пандустан басқа, жер үсті көпірлеріндегі лифтілердің де жұмыс істемейтінін айтты. Мысалы, Райымбек даңғылы мен Иса Байзақов көшесі қиылысында орналасқан Maxima сауда ойын-сауық орталығының алдындағы лифт істемейді. Бұған дейін мұндай лифтілер қаланың әр жерінен көзімізге түскен, бірақ өкініштісі — ешқайсы істемейді.
Есігі ашылмайды, ішінде кабинасы да жоқ.
Жолдың қарсы бетіне өту үшін Әнуарбек жақын маңдағы бағдаршамға баруы керек. Ал бұл жерге ең жақын бағдаршам 2 шақырым жерде орналасқан.
Автобус, такси
І топ мүгедектігі бар адамдар «Инватакси» қызметіне жүгіне алады. Бұл такси жүргізушілері оларды үйінен әкетіп, арбасын жинауға көмектесіп, межеге дейін апарып тастайды. Қажет десеңіз, қайтарда алып кетеді. Жолақысы — тегін. Бірақ Әнуарбектің айтуынша, инватакси үнемі бос бола бермейді.
Жұмыс істесең, «Инватаксиге» жұмыс кестеңді өткізіп қоюың керек. Сол кезде ол күнде жұмысқа апарып, әкеледі, бірақ басқа шаруаларыңмен шықсаң, алдын-ала хабарласып, ескертуің қажет. Мәселен, кешке бір жерге барсам, 09.00-де хабарласуым керек. Өйткені «Инватакси» бос бола бермейді. Кейде қоңырау соғып, хабарласа алмай жатамыз, — дейді Әнуарбек.
Әнуарбек демалыс күндері «Инватакси» бос болмаса, басқа такси қызметіне жүгінеді. Әйелі екеуі де арбада болғандықтан минивен көлік шақыртуға тура келеді екен.
Кейде асығып, қосымша ескертпесіне «мүгедектігі бар адамбыз, екі арбамыз» деп жазуды ұмытып кетеміз. Кішкентай көлік келсе, алмай кетеді. Содан минивен көлік шақыруды әдетке айналдырдық, бірақ ол қымбат болып кетеді. Ал көшеде такси тоқтату мүлдем қиын, — дейді ол.
Әнуарбек автобусқа көп мінбейтінін айтады. Себебі автобус жүргізушілерінің кейбірі пандусты түсіруге ерінеді екен.
Мен сияқты мүгедектігі бар кей әріптесім автобуспен қатынайды. Автобус жүргізушілер пандусты сирек түсіретінін айтады. Көбіне жолаушылар арбаны екі жағынан көтеріп жібереді, — дейді арбадағы адам.
Қазір Әнуарбектің көлігі бар. Жұмыстан бөлек шаруаларымен жүргенде көлігін пайдаланады. Кейбір адамдар мүгедектігі бар адамдардың автотұрағына көлігін қойып алатынына ашуы келеді екен.
Кей адамдар мүгедектігі бар деген қағазды тауып немесе принтерден шығарып, көлігіне жабыстырып алады, бірақ көліктен сап-сау адам түсіп келе жатады. Ашуың келеді. Мемлекет осыны қарастырса деймін. Көлікке жабыстырып қоятын қағазды ресми жасап, мүгедектігі бар адамдарға өздері таратқаны дұрыс болар еді, — дейді ол.
Әжетхана
Әнуарбек Майшыбаев сауда орталықтарындағы дәретханалардың жағдайы қорқынышты екенін айтады. Оған бірден-бір кінәлілер — кәдімгі қараапайым Алматы тұрғындары. Себебі кейбір екі аяғы, екі қолы сау адамдар мүгедектігі барларға арналған әжетхананы қолданып, ластап, сындырып кетеді екен.
Мұндай адамдарды түсінбеймін. Әжетханада 10 кабинканың ары кеткенде екеуі ғана мүгедектігі бар азаматтарға арналған. Қалған сегізін қолдануына болады ғой. Жоқ, олар бізге арналған дәретханаларға кіріп, унитазға аяғымен отырып, ластап кетеді. Арнайы ұстауға арналған құралдарды сындырып кетеді. Ал оны сауда орталықтары да бірден жөндемейді, — дейді ол.
Әнуарбек Майшыбаев мемлекет мүгедектігі бар адамдардың осы мәселесін қарастыруын сұрайды. Ол мегаполисте мұнай қателердің болуы орынсыз деп есептейді.