Асқар Әлімов церебрал сал ауруына шалдыққан. Ол 8 жылдан бері Шымкенттегі өзі ашқан орталықта тұрмыс техникасын жөндеумен айналысады.

Кішкентайымнан түрлі техникаға, құралдарға қызығатынмын. Олардың ішінде не бар екен деп ойлайтынмын, тіпті 6 жасымда үйдегі теледидарды бөлшектеп тастағаным есімде. Сол кезде әкемнен оңбай ұрыс естігенмін, — дейді Асқар.

Асқар Әлімов. Фото: Айгүл Хожантаева
Асқар Әлімов. Фото: Айгүл Хожантаева

Асқар кәсібін алғаш бастаған жылы оның қабілетіне күмәнмен қарағандар көп болған, бірақ қазір басқаға сенбей, бұзылған техникасын осы орталыққа ғана алып келетін клиент көп.

Адамдар қимылыма, тілімнің мүкістігіне қарап мені мас деп қалатын. Жағдайымды білген соң кешірім сұрап жатады. Бұзылған компьютерін жөндеп беретініме сенбей тұратындар да болады, бірақ кейін қабілетіме көзі анық жеткен соң алғысын білдіреді, — дейді ол.

Асқар 12 жыл бұрын оқуға түсе алмағанын еске алды. 9 класты бітірген соң Алматы мен Астанадағы бірнеше колледжге ақпарат технологиялары мамандығы бойынша оқуға тапсырған, бірақ оқу орындары мұның денсаулығындағы кінәратқа бола қабылдамаған.

Оқуға түспеген соң үйде ештеңе істемей жата алмадым. Содан ағаммен бірге базарда саудамен айналыстым. Өзіме жеткілікті қаражат таба бастадым, бірақ іштей бұл сала менің қалауым емес екенін сезетінмін. Жұмыстан үйге келе сала қайдан білім алуға болатынын интернеттен іздейтінмін. Бір күні Кентауда өзіммен тағдырлас жандарға арналған арнаулы кәсіптік колледж бар екенін білдім. Ешкімге айтпай, Кентауға кетіп қалдым. Себебі ата-анам қарсы болар еді. Колледж «Бір айдан соң тест тапсырасыз. Ата-анаңызбен бірге келіңіз», — деді. Шымкентке келген соң ата-анама бәрін түсіндіріп, оларды әрең дегенде көндірдім. Емтихан тапсырып, оқуға түстім. Сол кезде талпынған адам мақсатына жететінін түсіндім, — дейді кейіпкеріміз.

Асқар Әлімов
Асқар Әлімов. Фото: Айгүл Хожантаева

2-курста оқып жүргенінде колледж директоры Асқардың техника жөндеуге ерекше қабілетін байқап, оны оқу орнына программист маман ретінде жұмысқа алған.

Директордың «Колледждегі 3 000 компьютер сенің жауапкершілігінде» деген сөзі әлі есімде. Сол кезде ерекше қуандым. Жалақым 50 мың теңге болды. Оқуымды бітіргенше колледжде жұмыс істедім. Оқуды тәмамдаған соң өзімнің қазіргі орталығымды аштым. Аллаға шүкір, бүгінде сүйікті ісіммен айналысып жүрген бақытты адаммын, — дейді Асқар.

Асқар Әлімов бүгінде тек ІТ-маман ғана емес, мотиватор болып та жұмыс істеп жүр. Ол «Бизнес бастау» кәсіпкерлік мектебінде де қосымша білім алған. Қазір ол мүгедектігі бар жандарға мотивация беру мақсатында тренинг өткізеді. Сол мақсатпен еліміздің 17 өңірін аралаған. Тренингіден 2 аптада 2 миллион теңге тапқан.

Мотиватор болып жұмыс істеуімнің басты мақсаты ақша табу емес, мақсатым — өзіммен тағдырлас адамдарға көмектесу. Құдайға шүкір, тренинг нәтиже беріп жатыр. Себебі өз ісін бастағалы жатқан бірнеше адам алғыс айтып кетті. Менің айтарым, біздің қолымыз немесе аяғымыз істемесе де, миымыз істейді. Сол себепті өз-өзімізді шектеудің қажеті жоқ. Еңбек еткен және өзіне сенген кез келген адам жетістікке жетеді, — дейді Асқар.

Асқардың енді бір-ақ арманы бар. Ол — сүйікті жарын кездестіріп, отбасын құру.