Басты бетЖаңалықтарАқша төлемесең,...

Ақша төлемесең, Астанаға кіре алмайсың

Астанада күннен күнге көлік саны артып, көшедегі қозғалыс қиындап барады. Әсіресе, таңертең жұмысқа, кешке үйіне асыққан жұрт кептелісте тұрып зорға жетеді. Өйткені, елордаға қаланың іргесіндегі елді-мекендерден күніне 75 мың машина кіріп-шығады екен. Сондықтан кептелісті сейілту үшін Астанаға кіретін жолдар таңертең сағат 7-ден 10-ға дейін ақылы болмақ. Ал, қалған уақытта қазіргідей тегін болып қала береді.

«Ақылы жол мамырдың 21-інен бастап іске қосылады. Егер таңертең Астанаға жұмысқа бара жатқан адам, ақша төлегісі келмесе, қалаға кіре берісте машинасын тегін автотұраққа қалдырып, өзі ары қарай автобуспен барады. Немесе, сағат 10-ға дейін кептелістің азайғанын күтіп, кейін машинасымен тегін кіре алады»», — дейді «Астана LRT» ЖШС өкілі Рустам Халилов.

Ал бас қалаға кірудің қанша теңге болатыны белгісіз. Бірақ ол жолақы құнынан көп болмаса арзан болмайды. Мұндай жаңа ереже жұмысқа іргедегі ауылдардан машинамен қатынайтын жұртты автобусқа отыруға мәжбүрлейді дейді шенеуніктер. Сөйтіп, ЭКСПО қарсаңында көшедегі көлік санының азаятынына сенімді. Халықаралық көрмеге дейін кептеліспен күресіп жатқан әкімдік бір бағыттағы көшелердің санын да арттырмақ. Енді көктемде қозғалысы көп Абылай хан көшесі, Шәкәрім даңғылы бір бағытта болады.

Сонымен қоса, жақында қоғамдық автобустардың қозғалыс уақыты ұзарып, түнгі 12-ге дейін жүретін болады. Алдымен сынақ ретінде 24 сағат бойы жүретін 3 автобус бағытқа шықпақ. Олар әуежай, теміржол вокзалы мен кісі көп жүретін жерлерді қамтиды.

ДереккөзКТК