Асқар Мамин: Жолдауды іске асыру халықтың тұрмыс сапасын жақсарту факторына айналады

Мемлекет басшысы еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарын белгілеп берді. Президенттің алға қойған міндеттері мен бастамалары қоғамның сұранысы мен заманауи сын-тегеуріндерге негізделген. Олардың іске асырылуы экономиканың орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттырудың, халықтың әл-ауқатының артуы мен тұрмыс сапасының жақсаруының факторларына айналмақ, — деді Асқар Мамин.

Премьер-министр жолдауды іске асыру Үкіметтің нақты әрі үйлесімді іс-қимылын талап ететінін айтты.

Үкімет басшысы жолдаудың негізгі басымдықтарының бірі азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйін жақсартып, әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті.

Алға қойылған міндеттерді шешу халықтың нақты табысын, денсаулық сақтау және білім беру жүйелерінің тиімділігін арттыруға, еңбек нарығындағы ахуалды жақсартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, шикізаттық емес экспорт пен өнімділіктің өсуімен экономиканы одан әрі әртараптандыруға, макроэкономикалық тұрақтылықты нығайтуға, цифрландыру арқылы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге ықпал ететін болады.

Премьер-министр еліміздің әрбір өңірінде инфрақұрылымды жаңғыртуға, өңірдің ерекшелігін ескере отырып, халықтың тұрмыс сапасы мен табысын арттыру үшін неғұрлым өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақты жобалар іске асырылатынын айтты.

Мемлекет басшысының өңірлік даму бойынша алға қойған міндеттері Аумақтық даму жоспарында көрініс табады.

Мемлекет басшысы жолдауының барлық бағытын іске асыру бойынша биылғы 7 қыркүйекке дейін Жалпыұлттық жоспар әзірленіп, президенттің бекітуіне енгізіледі.

Үкімет басшысы әрбір мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган мемлекет басшысының тапсырмалары мен бастамаларын орындауға дереу кірісуі тиіс екенін атап өтті.