Президент азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін қандай бастамалар көтерді?

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, президент бастамалары пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаудың негізгі басымдықтарын айқындап, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру — өзінің президент ретіндегі басты мақсаты екенін айтты.

Бұл мақсатқа жету үшін 5 негізгі бастама айтылды.

Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешімін жария етті. Бұл шара 1 миллионнан адамды тікелей қамтитын болса, еңбек етіп жүрген барлық азаматқа жанама түрде әсер етеді.

Екіншіден, кейінгі 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60% артта қалып келген еңбекақы қорын көтеру қажеттігін айтты. Үкіметке жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды. Жұмысшыларының жалақыларын өсірген жұмыс берушілерге сатып алуларда жеңілдік қарастырылып, мемлекеттік қолдауда басымдық беріледі.

Үшіншіден, мемлекет басшысы микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем көлемін 34%-тен 25%-ке дейін төмендетуді ұсынды. Бұл бизнестің мыңдаған қызметкерін «көлеңкелі айналымнан» шығаруға, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінің толық қатысушысы болуына ықпал етеді.

Төртіншіден, президент 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің және басқалардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20% көбейтуді тапсырды. Бұл бастаманың игілігін тұтастай алғанда тағы 600 мың қазақстандық көреді.

Бесіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керек деп есептейді. Оның айтуынша, бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйретеді.