Әскери қызметкерлердің мәзіріне құрт пен қымыз кірді

Әскерилерді азық-түлікпен қамтамасыз ету нормалары қайта қаралды. Осыған байланысты ас мәзіріне ағзаға қажетті, дәруменге бай ұлттық тағам түрлері енгізілді.

Бұл орайда департаменттің аға офицері Руслан Топашевтің айтуынша, әскери қызметкерлердің тамақтануын одан әрі жақсарту үшін Қазақ тағамтану академиясымен бірге ұлттық тағамдардың ерекшеліктерін ескере отырып, біраз жұмыс жүргізілді. Қосымша жылқы еті, қой еті, түйе еті, үйрек, қаз және балық түрлері әскери қызметшілердің рационына кіреді, құрт, қымыз және шұбат енгізу жоспарда бар екен.

Былтыр Қорғаныс министрлігі әскерилерге берілетін азық-түлік құнын 40%-ға арттырды. Ал сарбаздардың тамақтануын ұйымдастыру қызметі аутсорсинг компанияларға беріліпті.

Ал ҚР Қарулы күштер БШ Ұйымдастыру жұмылдыру жұмыстар департаментінің басшысы Сәкен Жүсіпов 2020 жылы бір рационның құны шамамен 1225 теңге болғанын, қазір ол 1713 теңгені құрайтынын айтты.

Әскери қызметшілерге арналған азық-түлік қызметі жеке компанияларға берілді. Бірақ рацион әр бөлімде әртүрлі екенін ескеру керек. Мысалы, десанттық шабуылдаушы күштердің нормасы басқа, матростар мен ұшқыштардың нормасы басқа, − деді департамент басшысы.