Аида Балаева Алматыда журналисті әкімдіктен күштеп шығару оқиғасына қатысты пікір білдірді

Ведомство басшысы Алатау ауданы әкімдігіндегі болған оқиға бүгінгі «еститін мемлекет», «ашық әкімдік» қағидаларына қайшы келетінін айтты.

Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігі қызметкерінің журналист Ақбөпе Тәңірбергенге күш қолданған теріс әрекеті интернет желісінде қызу талқыланып жатыр. Аудандық әкімдіктің жауапты тұлғаларының бұған қатысты еш шара қолданбауы мәселені тіпті де ушықтырып отыр. Бұл әрине өте өкінішті және біздің бүгінгі «еститін мемлекет», «ашық әкімдік» қағидаларына қайшы келетін жағдай. Журналистердің құқығын бұзуға, олардың ресми жұмысына кедергі келтіріп, күш көрсетуге ешқашан жол берілмеуі керек. Олар өздерін қай жерде де еркін сезінуге тиіс. БАҚ өкілдері еліміздің тиісті заңнамалары мен нормативті-құқықтық актілеріне сәйкес қажетті толыққанды ақпарат алуға қай кезде де құқылы, — деп жазды Аида Балаева Facebook-парақшасында.

Министр сонымен бірге бұл жағдайға қатысты Алматы әкімдігінің басшылығы қызметтік тексеру жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет деп санайтынын айтты.

Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылуға тиіс. Алдағы уақытта қай жерде болмасын, БАҚ өкілдеріне қатысты бұндай келеңсіз жағдайларға жол берілмеуі қажет, — деді Аида Балаева.

Айта кетейік, кеше әлеуметтік желіде күзетшінің журналисті көтеріп, ғимараттан шығарып жіберген видеосы тараған еді. Журналист Ақбөпе Тәңірберген осы оқиғадан кейін жағдайының жақсы екенін және арыз жазғанын хабарлады.

Телеарна да журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіргендерге қатысты шағым дайындап жатыр. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының директоры Алена Горбачева Facebook-те хабарлады.

Бүгін Алматының Алатау ауданы әкімдігі оқиғаға байланысты ресми түсініктеме берді.

Аудан әкімдігінің хабарлауынша, журналист Ақбөпе Тәңірберген оператормен бірге ғимаратқа кіру кезінде Ashyq қосымшадағы статусын сканерлемей, турникеттің астымен өтіп кеткен. БАҚ өкілдері күзет қызметі қызметкерлерінің ескертулеріне жауап бермей, жанжал туындатқан.