Басты бетҚоғамҮкімет халықтың...

Үкімет халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған заң жобасын мақұлдады

Қазіргі болжам бойынша келесі жылы бюджетке түсетін қаржы 431 миллиард теңгеге ұлғаяды. Осылайша жалпы көлемі 13 триллионға жетеді. Соның ішінде мұнайдан басқа салалардан алынатын түсімдерді барынша арттыру жоспарланған. Ал мұнайдан түсетін ақшаны Ұлттық қорға көбірек салу қажет. Сондықтан қордан алынатын қаражаттың көлемі біртіндеп азаяды.

Келесі жылы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт 2,4 триллион мөлшерінде болады. Ол біртіндеп 2024 жылы 2 триллион теңгеге дейін төмендейді, — деді Ерұлан Жамаубаев үкімет отырысында.

Ал трансферттерді есептемегенде республикалық бюджеттің түсімдері 2022 жылы 9,2 триллион, 2023 жылы 9,7 триллион, ал 2024 жылы 10,4 триллион теңгені құрайды.

Бюджет тапшылығы 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,3 процентінен кезең-кезеңімен 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,5 процентіне дейін төмендейді деген жоспар бар. Ал шығыстар 2022 жылы 577 миллиард теңгеге ұлғая отырып, 15,9 триллионды құрайды, — деді министр.

Ведомство басшысы әлеуметтік салаға бөлінетін бюджет қаржысы сол күйінде сақталатынын айтты. Оның көлемі барлық шығыстың — 50%.

Осылайша келесі жылы 2021 жылдың бюджетіне қарағанда әлеуметтік шығыстар 515 миллиард теңгеге өсе отырып, 8 триллион теңге көлемінде жоспарланды. Шығыстың өсуі жыл сайынғы индекстеуге, зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың көбеюіне, сондай-ақ мұғалімдер мен дәрігерлер жалақысының көтерілуіне байланысты болып отыр, — деді Ерұлан Жамаубаев.

Министрлер кабинеті заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Енді құжат парламент мәжілісінің қарауына енгізіледі.