Үкіметте халық санағына дайындық барысы қаралды

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов баяндама жасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2021 жылғы 1 қыркүйектен 30 қазан аралығында халық санағын өткізу жоспарланып отыр.

Санақ процесін автоматтандыру үшін қағаз тасымалдаушылардан толық бас тарта отырып, цифрлы технологиялар қолданылады. Санақ екі тәсілмен жүргізіледі: sanaq.gov.kz арнайы сайтындағы интернет-сауалнама арқылы 45 күн ішінде интернет-сауалнама жүргізу және электронды планшеттерді қолдана отырып, интервьюерлерге әдеттегі жаппай сауалнама жүргізу. Қосымша Aitu Messenger отандық мобайл қолданбасы арқылы санақтан өту мүмкіндігі берілетін болады.

Респонденттер Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әкімдіктерде, пошта бөлімшелерінде, мектептер мен сауда орталықтарында орналасатын арнайы ұйымдастырылған нұсқаулық учаскелерде санақтан өте алады.

Санақ жүргізу кезінде 32 мың адам жұмысқа орналастырылады.

Үкімет басшысы Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің халық санағына дайындығы бойынша жұмысына оң баға берді. Сонымен бірге Маңғыстау, Ақтөбе облыстары және Шымкент әкімдіктерінің тиісті жұмыс қарқынының жеткіліксіздігін айтты.

Үкімет отырысы
Фото: Primeminister.kz

Премьер-министр қысқа мерзімде міндетті вакциналаудан өткен қызметкерлердің халық санағын өткізу үшін қажетті санын жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Өңір әкімдеріне, Ұлттық статистика бюросына және ішкі істер, денсаулық сақтау министрліктеріне халық санағын өткізу бойынша барлық ұйымдастырушылық мәселені пысықтау тапсырылды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне Ұлттық статистика бюросымен және әкімдіктермен бірлесіп, халық арасында ұлттық санақтың жүргізілу мақсаты мен тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Бұл іс-шараның әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Санақ нәтижесі бойынша мейлінше дәл деректер болып табылатын әрі елдегі ахуалды талдауға, болжам жасауға және тиісті шешімдер қабылдауға негіз болатын көп көрсеткіш алынады. Сондықтан еліміздің әр азаматының санаққа қатысуының маңызы өте зор, — деді Асқар Мамин.