Негізі ұшаққа кешігетін әдетім жоқ. Ішкі рейстер кезінде әуежайға 1-1,5 сағат, ал халықаралық рейс болса, 2-2,5 сағат бұрын барамын. Оның үстіне, онлайн тіркеуді де алдын-ала жасаймын. Бұл жолы да солай еттім, тек рейсті билет алған кезде көрген басқа уақытпен шатастырып алыппын. 17.00-де және 20.00-де ұшатын рейстер болған, өзім біріншісіне сатып алып, бірақ кейінгісін есімде сақтаппын.
Ұшаққа отыратын күні шаруаларыммен айналысып, қаланың о шеті мен бұ шетінде жүрдім. Сағат 14.00 шамасында «Тағы бір багаж тіркеймін-ау» деген оймен жеке кабинетіме кірдім. Сөйтсем, 3 сағаттан кейін ұшуым керек екен. Өзім тау жақта жүрмін. Содан қатты уайымдадым. Бірден әуежайға бара алмаймын, үйден әуелі сөмкелерімді алуым қажет. Осыларды есептесем, үлгеріп баруым екіталай. Әйтсе де ішкі рейстерде тіркеу ұшуға 20 минут қалғанда аяқталады деп ойладым да, үлгеремін дедім.
Үйге келіп, жүктерімді алып, келесі таксимен әуежайға жеттім. Алматы-Нұр-Сұлтан бағытын іздеп жатырмын, бірақ жоқ. Сол әуе компанияда істейтін қызметкерлерден сұрадым, бір қыз тіркеу 15 минут бұрын біткенін, ішкі рейстерді тіркеу ұшуға 40 минут қалғанда аяқталатынын айтты. Көңіл-күйім түсіп кетті. «Өткізіп жіберіңізші, әлі ұшаққа отырғызу басталған жоқ қой», «Жақында туған күнім, үйге бара жатыр едім» деп әлгі қызға өтініш жасап, жалынып жатырмын. Бірнеше рет айттым, бірақ болмады. Телефонын алып, әлдебіреулермен сөйлесті. «Өткізуге бола ма?» деп сұраған шығар деп топшыладым.
Бір кезде «Әкеліңіз» деді. Жүгімді тіркеп, отырғызу талонын шығарып берді. Бұған қоса, артық болып кеткен 1,1 келі жүгімді есептемеді. Ақша төлетпеді. Сосын бірден «Көп рақмет», «Барлық арманыңыз орындалсын», «Жолыңыз әрдайым ашық болсын!» деген тілектерді жаудыра бастадым. Күту залына өткеніме көп уақыт өтпей ұшаққа отырғызу басталды. Аман-есен Нұр-Cұлтанға жеттім.
Есімін де сұрамаппын. Жап-жас қыз. Өмірде бәрі мүмкін ғой, осы жазбаны оқыса, тағы да рақмет айтқым келеді. Қандай да бір көмек керек болғанда жанынан жақсы адамдар табылып, ісін жеңілдетсін дегім келеді. Шынайы тілегім.
Тағы оқыңыз: Сол бір адам. «Бейтаныс жан жап-жаңа аяқкиім алып берді»