Үндістан елшісі: Тәуелсіздігіміздің 75 жылдығын Қазақстанда атап өткеніме ризамын

Екі ел арасындағы Шубдаршини Трипати бұл қызметке 2021 жылдың мамыр айында кірісті. Оның айтуынша, Үндістан Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі (АӨСШК) бойынша бастамасын әрдайым қолдайды. Ал Қазақстан — Үндістанның Орталық Азиядағы сауда және инвестициялар саласындағы ірі әріптесі.

Үндістан мен Қазақстанды тығыз мәдени қатынастар байланыстырады. Олар Қазақстандағы йоганың, үнді фильмдерінің, билері мен музыканың танымал екенінен байқалады. Үндістанның Сыртқы істер министрлігі демеушілік ететін Үндістанның техникалық-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы (ITEC) бойынша түрлі салаларда біліктілікті арттыру аясында өз көмегін тұрақты негізде ұсынады. 1992 жылдан бастап Қазақстанның 1100-ден астам маманы Үндістанның ITEC бағдарламалары бойынша даярлау курстарынан өтті, — деді Шубдаршини Трипати.

Фото: Үндістанның Қазақстандағы елшілігі

Елші екі елдің бір-бірін көмектескен сәттерін де атап өтті.

2019 жылғы маусымда Арыстағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан кейін Үндістан Қазақстанға қалпына келтіру операцияларына көмектесу және құрбандар санын азайту үшін бомбаларды залалсыздандыратын күшейтілген костюмдер берді. Қазіргі COVID-19 пандемиясының өршуі кезінде Үндістан үкіметі гидроксихлорохин дәрі-дәрмегін Қазақстанға COVID-19-бен күресте гуманитарлық көмек ретінде жіберді. Сол сияқты, биыл біздегі дағдарыс кезінде Қазақстан Үндістандағы пандемиямен күресу үшін арнайы рейспен медицина жабдықтарын жеткізді. Сол үшін Қазақстан халқына ризашылығымызды білдіреміз, — деді елші.

Үндістан биыл Тәуелсіздігінің 75 жылдығын атап өтеді. Бұл уақытта мемлекет заманауи экономиканы, өркендеген демократияны құрды. Миллиондаған адамды кедейліктен құтқарды, ғарыш, ғылым саласында прогреске қол жеткізді және сенімді сыртқы саясатты дамытты.

Елшінің айтуынша, Үндістанның сыртқы саясаты әрқашан тәуелсіз болды. Ол ұйымдарға кірмеді және өзінің құндылығры мен іргелі көзқарасы негізінде дербес шешімдер қабылдады. Бүгінгі таңда ел «Бүкіл әлем – отбасы» дегенді білдіретін «Васудхаива Кутумбакам» қағидатын ұстанады. Ол әрдайым әлемге пайда әкелу үшін дағды мен білім бөлісудің маңызына сенеді және басқа елдерде қызметкерлерді дамыту немесе активтерді құру бойынша біліктілікті арттыруға үлкен үлес қосып келеді.

Үндістан әрқашан бейбітшілік пен келісімді насихаттады және ешқашан басқыншы ел болған емес. Ол — БҰҰ-ның бітімгершілік күштердің ең ірі доноры, — деді Шубдаршини Трипати.

Коронавирус таралған қазіргі кезеңде Үндістан әлемнің 150-ден астам еліне өзінің қорын, сараптамасы мен медицина материалдарын бөлісті.

Елші Үндістанның Тәуелсіздік алғанына 75 жыл толуын Қазақстанда атап өтіп жатқанына ризашылық білдірді.

Мен осындай керемет адамдар арасында, осы тамаша елде керемет уақыт өткіземін деп сенемін, — деді Шубдаршини Трипати.

Оған қоса, біздің елде кәсіби табысты жұмыс атқарылатынын, екіжақты қатынас одан әрі дамитынын алға тартты.