— Елдос, «Құлыншақ» балалар антологиясы қандай еңбек? Кітапта неге тек Жетісу өңірі балалар жазушыларының шығармасы кездеседі?
— «Құлыншақ» — тұңғыш рет жүзеге асырылған, ойластырылған әдеби антология. «Антология» сөзі әртүрлі автордың шығармасынан құралған әдеби жинақ деген ұғымды білдіреді. Бұл еңбекке Алматы облысында туған балалар жазушыларының шығармалары ғана енді. 25 ақынды, 25 жазушыны іріктеп алдық. Мұндағы мақсат — балаларға өз өңірінде туып-өскен ақын-жазушының еңбегін таныстыру.
Қазір мектептерде «Өлкетану» пәні оқытылады. Осы пән аясында балалар өз өңірінің әдебиетімен танысады. Бастауыш класс, орта класс оқушылары өз өлкесінде туған ақын-жазушыларының еңбегін танып, білсе, болашақта қазақ әдебиетінің классик жазушыларын оқитынына кәміл сенеміз. Әр бала, оқушы, оқырман туған өңірінің ақын-жазушыларының еңбегін оқыса, туған жерінің тарихын да бес саусағындай біледі деп ойлаймын.
— Антологияға енген еңбектер қалай іріктелді?
— «Құлыншақ» балалар әдеби антологиясы екі томнан тұрады. І том — тақпақ, өлең, жұмбақтар топтамасына Жамбыл, Ілияс Жансүгірұлы, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Мұқағали Мақатаев, Әнуарбек Дүйсенбаев, Жәнібек Кәрбозин аталарымыздан бастап бүгінгі Арасанбай Естен, Нұрлан Қалқа, Алмат Исаділге дейінгі ақындар, ал ІІ том — әңгіме, ертегі хикаяттар топтамасына Бердібек Соқпақбаев, Құрманбай Толыбаев, Құдаш Мұқашев, Сейдахмет Бердіқұлов, Сайын Мұратбековтен бастап Бекен Ыбырайым, Есболат Айдабосын, Бейбіт Сарыбай, Дархан Бейсенбекұлы, Мира Сембай, Қанат Әбілқайыр, Әлібек Байбол сияқты жас жазушылардың шығармасы енді.
Әр жазушының шығармасын ұзақ сұрыптадық, іріктедік. Ең таңдаулы деген шығармаларды қосып отырдық. Бүгінгі баланың танымына, сұранысына сай болуына мән бердік. Мысалы, бір ақынның өлеңін оқығанда табиғат туралы, екіншісінен Отан туралы, үшіншісінен экология туралы, келесінен салауатты өмір салты жөнінде түсінігі қалыптасады. Содан кейін баланың жас ерекшелігін, жаттау қабілетін, оны санасына сіңіру жағын да назардан тыс қалдырмадық.
— Бұған дейін кітапты дайындау кезінде Түркия, Қытай, Ресей, Беларусь, Украина мемлекеттерінің заманауи әдістеріне сүйендік деген екенсіз. Бұл қандай әдістер екенін айтып беріңізші…
— Дұрыс айтасыз, антологияны дайындаған кезде Түркия, Қытай, Ресей, Беларусь, Украина елдеріндегі балаларға арналған кітаптардың қалай безендірілетінін, қандай замануи әдістер барын байқап, сол аудиторияны біраз зерттедік. Арамызда қытай, түрік, славян тілдерін білетін азаматтар бар. Барлығымыз бірге осы елдегі баспалардың сайтын ақтардық. Кітаптың әр беті балаға позитив сыйлауы үшін ашық түске боялды. Оқуға мүмкіндігі жоқтар үшін әр шығарманың аудио нұсқасын әзірленді. Кітапта ақын-жазушылардың өмірбаянына қатысты қызық ақпарат берілетін «Керек 5 дерек» айдары бар. Бұған қоса, ақын-жазушылардың суретін қарындашпен салдырдық. Тілінде, сөйлеуінде кемістігі бар балалар үшін арнайы логопедиялық жаңылтпаш, жұмбақтарды қостық. Қазақ тіліндегі қиын, бұрын-соңды естіп көрмеген сөздердің мәні мен мағынасын ашатын түсіндірме сөздігі де бар. Балалар болашақта білуге тиіс деген сөздің қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі сөздігін де жасадық және олардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған үй тапсырмаларын да қамтыдық.
— Ата-ана баласы үшін бұл кітапты неге сатып алуы керек?
— Баласының сапалы, дүниетанымы кең, жан-жақты, эрудит болғанын қалайтын әр ата-ана осы кітапты сатып алғаны жөн деп есептеймін.
— «Құлыншақ» кітабын әр өңір бойынша шығару жоспары ойда жоқ па?
— Қазақ баласының танымын кеңейту үшін «Құлыншақ» кітабының қалған өңірлер бойынша және қандас ақын-жазушылардың шығармалары негізінде жалпы жиыны 30 кітап дайындап отырмыз. Бұл — Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына тарту. Кітаптың шығуына қаражат жағынан қолдау тауып жатсақ, балалар қолына тиетін күн де алыс емес.