Жандарбек Бекшин қыркүйекте коронавирус жұқтырғандар саны азаятынын болжады

Жандарбек Бекшиннің айтуына қарағанда, бұл кезең «дельта» штамымен байланысты болып отыр.

Пандемия басталғалы қала үш толқыннан өтті, қазір төртінші толқынға кіріп жатырмыз. Сондықтан қаладағы эпидемиология жағдайы күрделеніп бара жатыр. Кейінгі аптаны алсақ, өткен аптамен салыстырғанда науқастар саны 1,4 есеге көбейді, 5 790-нан 8 393 жағдайға дейін өсті, — деді ол.

23 шілдеден бастап індет жұқтырғандар саны күніне мың адамнан асты. Өткен тәулікте 1 470 адамға жетті.

Қаланың бас санитар дәрігері тамызда төртінші толқын шарықтап, қыркүйектің басында ауру жұқтырғандар саны азаятынын айтты.

Қазір бар күшімізді халықты вакциналауға арнап жатырмыз. Қалада вакцинаның бірінші компонентін екпе алуға рұқсат берілген тұрғындардың 35,2%-і салдырды. Қазір иммундық қабат 34%-ті құрайды», — деді Жандарбек Бекшин.

Бұған дейін қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев ауру жұқтырғандар саны тамыздың алғашқы онкүндігінде шарықтайтынын айтты. Ол кезде коронавирус инфекциясы тәулігіне 1 600 адамнан анықталуы мүмкін.

10-11 тамызда бұл көрсеткіш 1 900-ге жетеді. Тамызда 34 500, қыркүйекте 4 500 жағдай тіркеледі деген болжам жасалды.