Қазақта жақсы сөз бар «ит үреді керуен көшеді» деген. Әлі де ойланармын. Бірақ сондайлардың алдында өзімнің абыройымды түсіргім келмейді. Әрине маған да оңай емес. Отыз жыл бойы таза, адал еңбек етіп келемін. Маған Қазақстанның жартысын, Қызылорданың 90 пайызын тиесілі етіп қойғанын түсінбеймін. Егер мен миллиардер болсам әкім болмас едім деп айтқаным бар. Әрине менің жүрегіме батады. Бұған сену-сенбейді әркімнің өз ұяты, ары-намысы білсін, — деді Бердібек Сапарбаев журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында.

Бұдан бөлек, журналист Нартай Аралбайдың бір-бірімізді шұқылап ғайбат айту көбейіп кетті. Бұл қазақтың қанында бұрыннан бар дүние ме, әлде жүре келе жабысты ма деген сауалына да жауап берді.

Бұрын тарихта ондайлар болған. Бірақ дәл бүгінгідей емес. Меніңше мұндай жалған сөз көреалмаушылықтан шығады. Халықтың махаббатына ие болу кету үшін көп жұмыс істеу керек. Егер Ақтөбе халқы мені қимай шығарып салып жатса, осы уақытқа дейін менің артымнан Ақтөбеден бір сөз ермесе, мынау соңғы әлеуметтік желіде мен туралы жазылған бейнені қалай деп ойлайсыз? Меніңше, жала жапқандарға қатысты мәселе құқықтық тұрғыда шешілуі керек. Солай болуы керек, — деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен бірге Бердібек Сапарбаев Жанболат Мамайдың Ақтөбе облысының әкімі болып тұрған кезде жиһаз және т.б. алуға ақша жұмсады деген жаласын жоққа шығарды.

Оны жазған адам дәлелдесін, кім алды, кім тапсырыс берді, ақша қайдан келіпті? Олай болуы мүмкін емес, — деді ол.

Еске салайық, Жанболат Мамайдың елімізде аты белгілі азаматтар туралы қисынсыз бейне ақпараттар таратуы бірінші рет емес. Осы уақытқа дейін Машкевич, Құлыбаев, Абаев, Нығматулин, Байбек, Көлгінов және Музарт тобының әншісі Сәкен Майғазиевке де тіл тигізген еді.

Дәл осылай Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке қисынсыз жалалар жауып, нәтижесінде ар-намысы, абыройы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіргені үшін сотқа «жолдама» алды. Сотта Жанболат Мамайдың әлеуметтік желіде жариялаған ақпараттары шындыққа сәйкес келмейтіндігі, Бауыржан Байбектің ар-намысына, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретіндігі дәлелденіп, сот әлеуметтік желідегі видеоларды өшіруді міндеттеп қаулы шығарды.