«Даудың басы…»

«Даудың басы — Дайрабайдың көк сиыры» емес, Бренди Янг деген америкалық ұстаздың бастамасы болды. Ол ата-аналар жиналысында жыл соңына дейін оқушыларға үй тапсырмасын беруден бас тартты. Себеп: үй тапсырмасы оқушылардың көп уақытын алады, салдарынан бала ата-атасымен уақыт өткізудің орнына кітапқа шұқшиып отырады.

Бренди Янгтың хаты
Бренди Янгтың ата-аналарға жазған хаты. Онда жыл соңына дейін оқушыларға үй тапсырмасы берілмейтіні, тек сабақта орындап үлгермеген тапсырмаларды аяқтайтыны, үй тапсырмасына жұмсалып жүрген уақытта баланың отбасымен бірге кешкі ас ішіп, кітап оқып, серуендегені, ертерек ұйықтағаны дұрыс екені жазылған.

Үй тапсырмасын орындауға баласын көндіре алмай жүрген ата-ана, әрине, бұл бастамаға қуанды, қолдады. Тіпті бірқатар америкалық ғалымдар да қарсы шықпады. Ресейлік «Лайфхакер» порталының жазуынша, үй тапсырмасының балаға 6 түрлі зияны бар-мыс. Олар:

1. Баланың денсаулығына кері әсер етеді

Себебі, ол тапсырманың көптігінен аз ұйықтайды, омыртқасы қисайып, гастрит, созылмалы шаршау пайда болады.

2. Көп уақыт алады

Бостон колледжінің профессоры Питер Грейдің айтуынша, бала математика мен бағдарламалауды үйренемін деп, өмір сүруді үйрене алмайды. Себебі, ол мектептен шыққан соң репетиторға, түрлі үйірмелерге барады, үй тапсырмасын орындау — артық жүк.

3. Оқушы үлгеріміне әсер етпейді

Білім беру саласындағы бірегей сарапшылардың бірі Альфи Кон «Үй тапсырмасы туралы мифтер» кітабында төменгі сыныптағылар үшін үй тапсырмасының ешқандай маңызы жоқ екенін, жоғарғы сыныптарда да оның пайдасы аз екенін жазады. Алайда онымен бәрі бірдей келіспейді. Том Шеррингтон деген оқытушы бастауыш сынып оқушысына тапсырманы үйге бергеннен пайда аз екенін растады, дегенмен 11 жастан асқан оқушы үй тапсырмаларын орындау арқылы елеулі жетістіктерге қол жеткізетінін айтты. Ал, TMISS зерттеу орталығы әр елдегі оқушылардың үй тапсырмасын орындауға жұмсайтын уақытын зерттеді. Нәтижесінде төртінші сыныптағы оқушылардың тек 7 пайызы ғана үй тапсырмасын орындамайтыны белгілі болды.

4. Үй тапсырмасы ештеңе үйретпейді

Тапсырмалар шынайы өмірден алшақ. Балалардың миы тек фактілер мен теоремаларға толып кеткен, алайда олар оны қорыта алмайды.

6. Оқуға деген ниетті өшіреді

Себебі оқытушы үй тапсырмасына өзінің сабақ уақытында айтып үлгермеген тақырыптарын береді. Нәтижесінде балаға түсіну қиынға соғады.

7. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты бұзады

Көптеген ата-аналар үй тапсырмасын баласымен бірге немесе баласы үшін орындайды. Мектеп бағдарламасы ауысып кеткен, ал ата-ананың білімі «ескірген». Немесе бала тапсырамын орындағысы келмейді, ата-ана оған дұрыс мотивация бере алмайды. Нәтижесінде келіспеушілік, ұрыс-керіс туындайды.

Қазақстандықтар не дейді?

Қай кезде де даттаушыға жақтаушы да, ақтаушы да табылады. Көпшілік пікір үй тапсырмасын бала үшін ата-анасы орындап беретінін айтты. Мәселен, белгілі журналист Жәнібек Нұрыш осыдан бірнеше күн бұрын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына үй тапсырмасын беруді қолдамайтынын жазды:

Бұл пікірді блогер Асқар Базарбай да қолдайды:

«Егер ата-ананың баласына тек үй жұмысын орындау кезінде ғана көңіл бөле алатын мүмкіндігі болса, бірге уақыт өткізуге жақсы нәрсе. Көбі баламен жеке уақыт өткізу жайлы ойламайды да. Сабақтың сылтауымен ата-анасының назарына ие болып қалады бала. Ал баламен жеке уақыт өткізудің парқын білетін адамға үй жұмысын жасау — пайдасыз дүние. Одан серуенге шыққаны, қаланы аралағаны, бірге ойнағаны, қоршаған ортамен таныстырғаны пайдалырақ. Немесе қосымша музыка, спорт үйірмелеріне қатысқаны дұрыс»,-дейді ол.

Алайда, бұл пікірмен журналист Жұлдыз Әбділдә келіспейді:

— Үй тапсырмасы берілуі керек. Атам заманнан бері берілетін, қазір де ештеңе өзгерген жоқ. Бала күнімізде үйдің, түздің тірлігін істеп, ойынды да ойнай жүріп, үй тапсырмасын жасап үлгеретінбіз. Ешқашан қиындық тудырған емес. Қазір де тудырмайды.

Қызым 2-сыныпта оқиды. Тапсырманы көп береді. Көмектеспеймін, өзі орындайды. Тек ағылшын тілінен аздап көмектесеміз. Соншалық қиын деп ойламаймын. Уақыты да жетеді. Аптасына 2 рет биге, 2 рет ағылшыннан қосымшаға, 1 рет арифметика мен логикаға барамыз. Олардың да тапсырмалары бар. «Шаршайды ғой» деп айтатындар бар. Бірақ, бұдан да тығыз кестемен өмір сүріп жатқан балаларды білемін. Күніне бірнеше үйірме мен қосымшаға баратын, оған қосымша әдеби кітап та оқып үлгеретін, хоббиі де көп балаларды білемін. Ешқандай қосымшаға бармаса, сол уақытта бала не істейді? Егер үйде теледидардың алдында отыратын болса немесе телефон шұқылап отыратын болса, одан гөрі қиналып есеп шығарғаны дұрыс шығар. Пайдасы болмаса, зияны жоқ. Үй тапсырмасы да солай. Өзіме ешқашан ешкім көмектескен емес. Бәрін өзім орындайтынмын. Қызымды да мүмкіндігінше солай үйретуге тырысып жүрмін. «Түсінбегенің болса, апайдан сыныпта сұрап ал. Оқушы мен емеспін, сенсің» деп айтамын.

Жұлдыз Әбділдә
Жұлдыз Әбділдә қызы Нұриләмен

Осыған қатысты Фейсбук қолданушылары да белсенді түрде пікірлерімен бөлісті. Мәселен, Бағлан Омаров деген атпен тіркелген тағы бір фейсбук қолданушысы үй тапсырмасының керек екенін айтты: «Үй тапсырмасы керек. Ал оның пайдалы-пайдасыздығы мұғалімнің сабақты қалай өткеніне, оның жасампаздығына байланысты. Өткен тақырып шынайы өмірде қандай жағдайларда керек болуы мүмкін екенін түсіндіре алу керек. Сонда оқушы құлшынысы сәл болса да артады. Оған қоса үй тапсырмасын практикаға, шынайы өмірге негіздеп бере алсаң, үй жұмысына деген көзқарас та өзгеріп шыға келеді»,-деді ол.

үй тапсырмасына қатысты пікірлер
Үй тапсымасына қатысты пікірлер Facebook желісінен түсіріліп алынды
үй тапсырмасына қатысты пікірлер
Үй тапсымасына қатысты пікірлер Facebook желісінен түсіріліп алынды

Бұл туралы саясаткер Бақытжан Бұқарбайдың да пікірін білдік:

«Білім беру жүйесін мүлдем жаңартып тастау керек. Бізде баланы мәжбүрлеп қояды. Керек емес нәрсе. Бізге де бала кезімізде талай тапсырма берді. Мысалы, химиялық элементтердің кестесін жаттатты. Мен жаттап шықтым: 27 феррум, алтынның салмағы мындай, моль, тағы басқаларын. Алатын бестік бағаларымды алдым. Қазір оның маған қажеті қанша? Қазір қатты қажет болып жатса, қолыңдағы телефоныңнан қарай саласың. Баланың миын сондай қоқыспен толтырудың керегі жоқ. Ол қоқыс. Оны мойындау керек. Оны мойындамайынша, ол жерде прогресс болмайды. Балаға басқа нәрсе беру керек. Қабілетін ашатын. Мен Финляндияның білім саласындағы жүйесіне көп қызығамын».

Мұғалімдер не дейді?

Бұрын-соңды итәуреге түсіретін тірлік саналмаған үй тапсырмасының мәселесі неге ушықты? Үй тапсырмасын берген дұрыс па? Оның көлемі бекітілген бе? Бала үй тапсырмасын орындамаса оған кім кінәлі? Оқушы үлгеріміне әсер ете ме? Осы сауалдармен педагогтарға хабарластық.

Республикалық «ҚазБілім» орталығының директоры Аятжан Ахметжан үй тапсырмасына қарсы шығу жалқаулықтан шыққанын айтты:

Аятжан Ахметжан
Аятжан Ахметжан, Республикалық «ҚазБілім» орталығының директоры

— Үй тапсырмасын бермеу деген біздің білім беру жүйесіне келмейді. Егер мектептер тек қана бір ауысымда отыратын, Қытайдағы, Жапониядағы сияқты таңертеңгі сағат 8-ден, кешкі 6-ға дейін оқушы мектепте болатын жүйе болса, онда болады. Яғни бала мектепте түске дейін сабақ оқиды, түстен кейін тапсырмалар орындайды. Ол біздегі кейбір дарынды балаларға арналған мектептерде ғана қарастырылған. Олар тапсырмаларын мектепте орындап, кешке бірақ кетеді. Бірақ біздегі екі-үш ауысымда жүрген мектептерде түстен кейін мектепте отырып, тапсырмаларды орындатып отыратын бағыт-бағдар беретін жағдай жоқ. Ал ондай жағдайда үй тапсырмасын бермеу білім сапасын төмендетеді. Бұл бір.

Екіншіден, үй тапсырмасы балаға не үшін беріледі? Біріншіден, алған білімін түсінуі, екіншіден, жаңа бағытта ізденуге үйретеді. Негізі үй тапсырмасын бермеу деген нәрсе жалқаулықтан шыққан дүние деп ойлаймын. Педагог ретінде ешқандай ақылға сыймайды. Бала үй тапсырмасын орындамаса, оған бала мен орындата алмағаны үшін ата-ана кінәлі. Себебі үй тапсырмасы оқушының бағасына 20-30 пайыз, ал шынайы біліміне 50 пайыз әсер етеді. Үй тапсырмасын орындамайтын баланың білім деңгейі ешқашан да жақсы болмайды.

Бақытжан Қасенбаева, ШҚО, Қарабұта орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы:

— Үй тапсырмасын берген дұрыс. Оның мақсаты — жаңа өткен тақырыпты қайталау, пысықтау. Бірақ та үйіп-төгіп беруге болмайды. Неге екенін білмеймін, қазір «мұғалім үйге тапсырманы неғұрлым көп берсе, соғұрлым ақылдырақ» деген жаңсақ пікір бар. Алайда, мен оқушыларыма сабақта алған білімінің 5-7 пайызын ғана құрайтын, тақырыпты меңгеруге көмектесетін жаттығулар мен оқитын тапсырмалар беремін. Одан кейін қазір  «оқушы өз бетімен іздену керек» деген тренд бар. Ол қалалық жерде мүмкін шығар. Ал, ауылдық мектептердегі кітапхана қоры аз. Оқушыны қажетті мағлұматтармен қамтамасыз ете алмайды, интернет жоқ. Бала қайдан алады? Сондықтан, кейде тек оқулықпен ғана шектелуге тура келеді.

Ұстаздардың пікір осындай болды, хош, одан да оқушылардың сөзіне құлақ түрейік.

Оқушыға үй тапсырмасы берілуі керек пе?

Аят Асқарбекұлы, Тараз қаласындағы Абай атындағы №26 орта мектептің 11-сынып оқушысы:

— Үй тапсырмасын беру дұрыс деп ойлаймын. Өзім сабақта меңгергенімді үй тапсырмасы арқылы қортындылап отырамын. Үй тапсырмасын орындауға екі сағат уақыт жұмсаймын. Ата-анам арнайы уақыт қоймайды. Олардан көмек сұраған емеспін.

Бұлбұл Қайырбаева, Алматы қаласындағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаттың 11-сынып оқушысы:

— Біздің мектебімізде дәл басқа мектептің оқушыларындай оқушылар оқиды. Күнделікті сабаққа  үнемі дайындалып отырамыз. Əрине, мұғалімдеріміз де үй тапсырмасын аз бермейді. Мысалға алатын болсақ, алгебра сабағынан бір күнге 50-60 есеп шығаруға береді. Бұл  басқа мектептерге қарағанда 90% көп деуге болады. Əр пəн мұғалімі өз сабағын осылай қадағалайды. Осыдан соң міндетті түрде қорытынды шығады деп ойлаймын. Əрі нəтижесін өзім де көріп жүрмін. Сондықтан үй тапсырмасының берілуі, оны оқушының ешкімнен көшірмей өзі орындауы қатаң қадағалануы қажет деп ойлаймын.

Жәнібек Қайрабекұлы, ШҚО, Ақтайлақ атыдағы орта мектептің 9-сынып оқушысы:

— Үй тапсырмасының берілгенін қалаймын. Себебі пайдалы. Күніне 4 сағат уақытым кетеді. Ата-анам сабақ қарағанымды қадағалап отырады.

Дінмұхмед Әбдіхан, Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы:

— Біздің мектепте оқыту процесі басқа мектептерден өзгеше. Мұғалім сабақта тақырыптың тек 30 пайызын ғана көрсетеді де, қалғанын қайдан қарап, оқу керек екенін айтады. Ары қарай оқушы өзі ізденіп, меңгеруі керек. Үй тапсырмаларымыз осындай. Тек оқуға арналған тапсырмалар ғана беретін пәндер бар. Мысалы, биология сияқты. Басқа пәндер әр кезде әрқалай тапсырма береді. Күн сайын 8.20-дан 17.20-ға дейін сабақта боламыз. Үйімізге жеткенше сағат кешкі 7 болады. Кешкі ас ішіп, миыңды тынықтырасың. Одан кейін қайтадан сабақ қарауға отыру өте ауыр. Сондықтан оқушыларға тек қайталауға арналған тапсырмалар берген дұрыс сияқты.

Осылай.

Үй тапсырмасының берілуіне қарсы шығып отырған бала көрмедік. Олай болса, «үй тапсырмасы керек емес» деп желеулетіп отырған кім? Ата-ана ма? Әлде мұның бәріне біліктілігі жетпейтін, бір тақырыпты 45 минутқа сыйдыра алмай, түсіндірмеген күйі оқушының мойнына артатын мұғалімді кінәлаймыз ба? Олай болса, педагогтарды білімсіз қылып даярлаған жоғағы оқу орындарына сын тағамыз ба? Немесе онсыз да «қит» еткенге кінәлі бола беретін мұғалімдерге мойын бұруға мүмкіндік бермей жүрген қағазбастылықта ма бар гәп? Тамыры терең мәселе. Қалай дегенде де еліміздегі барлық мектеп тереңдетіп білім беру жүйесіне көшпейінше, мектепке таңертең кірген бала оқитынын оқып, тапсырмасын орындап, кешке бірақ шығатын болмайынша, үй тапсырмасын орындаудан баланы тыймаған жөн. Мектепте үйренгенін кешке бір пысықтап шығудан ешкім жаман бола қоймасы анық. Қалай дегенде де «қайталау — оқу анасы».

Сіз қалай ойлайсыз?
[totalpoll id=»16364″]