— Назира, әңгімемізді медиа сыны не үшін керек деген сұрақтан бастасақ…
— Медиасынның басты мақсаты — елдегі БАҚ сапасын жақсарту, тек сынап қоймай, сапалы контент қалай жасалуы керек, жазылған материалдарда, көрсетілген сюжеттерде медиа этика тұрғысынан қандай қателер жіберіліп жатыр, халықаралық журналистика стандарттарына сай жасалып жатыр ма, міне, осыларды анықтау, көрсету, белгілеу. Осы тұрғыдан медиасын керек деп есептеймін.
Қазақстанда медиа сыны жаңадан дамып келе жатқан жанр деп айтуға келеді. Иә, бұрын да болды, бірақ материалдар жүйелі түрде жарияланған жоқ, тек әріптестеріміздің көрген-білгенін, жеке ойын ғана оқып жүрдік. Мұны жоққа шығармаймыз.
Медиасынның отандық БАҚ контентіне әсері жоғары, маңызды. Newreporter.org сайтындағы «Медиасын» айдары 2 жыл бұрын басталды. Осы уақыт ішінде біраз нәрсе өзгере бастады. Өйткені біздің жазған материалдарға әріптестеріміз тарапынан реакция, дұрыс көзқарас бар. Сондықтан бұл, әсіресе, қазіргі жағдайда, қазақстандық БАҚ-тың бүгінгі деңгейін ескергенде, ауадай қажет дүние деп білемін.
Медиа сыны көп елде бар. АҚШ-тағы, Украинадағы медиаларда өте жақсы дамыған жанр. Ресейде де біраз ілгері кеткен. 2019 жылы осы елдегі белгілі медиасыншылар Анна Качкаева және Ирина Петровская Қазақстанға келіп, журналистерге бір апта дәріс оқыды. Осының арқасында бізде де бір топ медиасыншы қалыптасты деп ойлаймын. Анар Бекбасова, Сергей Ким, Маргарита Бочарова дейтін әріптестерім бар.
Жас және жаңа медиасыншылар әріптестеріміздің ортасынан шықсын деп, Internews Қазақстан ұйымы ылғи дәрістер өткізіп тұрады. Осы сала өкілдерін тәрбиелеу, қалыптастыру жұмысы үнемі жүргізіледі. Жалпы, дәл осы жанрда қазақстандық медиасыншыларды табу, қалыптастыру қазіргі аз ғана медиасыншының мақсаты, міндеті дер едім.
— Кейінгі кезде медиа сынын кей журналистер тек қаралау деп түсінетіндей әсер қалдырды. Өйткені әр сынға агрессиямен, сыншының жеке басына тиісу арқылы жауап беретіндер кездесіп жатады. Медиа сынын журналистер қалай қабылдауы қажет, қалай қабылдап жатыр?
— Сынды әр адам әртүрлі қабылдайды. Журналистер де солай. Менің ойымша, жұмыстағы кемшілікті көрсетуді «біреуді мазақ ету» деп түсінбеуіміз керек. Өйткені қандай да бір жобаны жасап жатқанда өз кемшілігіңіз білінбеуі мүмкін, ал сырттан қараған адамға, профессионалға, медиа сыны бойынша білім алған маманға басқаша көрінеді.
Журналистерге сынды дұрыс қабылдап үйрену қажет. Өйткені сапалы контент өндіру — біздің ортақ мақсат. Бұл отандық журналистиканың дамуына көмектесетін дүние деп қабылдануға тиіс.
Әрине, сын көп адамға ұнамайды. Өз тәжірибемнен айтайын, осыдан 1,5-2 жыл бұрын Balapan телеарнасындағы «Баламен сұхбат» дейтін жоба туралы материал жаздым. Бұл бағдарламаға 6 жастан бастап 12-13 жасқа дейінгі балалар қатысады, студияға келген қонақпен сұхбат жүргізеді. Алайда қонақ балалар аудиториясына қызық па, әңгімесін түсіне ме, оның қаралымы қандай — жоба авторлары осыларға мән бермеген сияқты. Өйткені студияда Nur Otan партиясы мүшесі, Назарбаев университетінің оқытушысын көрдік. Балалардың өзін ұстауына қарап, айтылып жатқан әңгімеге қызығушылығы жоқ екені анық байқалады.
Сын материалы мұндай жоба бала үшін түсіріле ме, әлде осыны жасап отырған жоба авторларына, телеарна басшылығына керек пе деген тұрғыда жазылды. Көп ұзамай маған телеарнаның бас продюсері хабарласты. Ол кісінің айтуына қарағанда, сын материалы дұрыс жазылмаған, бірақ көрсетілімнің көп екеніне де, жобаға балалардың қызығушылығы жоғары екеніне де нақты дәлелдер келтірілген жоқ. Тек «Материалды сайттан өшіріп тастауға бола ма?» деген өтініш айтылды. Бұл бізде қалыптасқан әдет қой, материал ұнамаса, қысым жасап немесе таныс, дос арқылы өшіртіп тастау керек деп есептейді. Бірақ Newreporter.org — қазақстандық сайт емес, АҚШ елшілігі қолдауымен шығып отырған ресурс. Сол себепті мұндай өтініш жүрмейді. Хабарласқан телеарна өкіліне осыны айтып, түсіндірдім. Реніш, өкпе болды деп ойламаймын. Біраз уақыттан кейін арна продюсері қайта хабарласты. Жобаның кемшіліктерін түсініп, жаңа маусымда бағдарламаны жалғастырмайтынын айтты. Бұрын-соңды өз тәжірибемде сын материалы үшін жобаны жауып тастаған жағдай болмаған еді. Жеке авторға хабарласқан, сын бойынша қорытынды шығарған телеарна басшылығына риза болдым.
Тағы бір мысал. Былтыр «31 арна» телеарнасындағы «Кел, татуласайық» бағдарламасы туралы материал жаздым. Бағдарлама эфиріне 18 жастағы қыз келді. Оны бірнеше жыл бұрын бір топ жігіт зорлаған. Осы шығарылымда заң, этика тұрғысынан кеткен көп кемшілік болды. Мысалы, зорлады деген күдікке ілінген жігіттің бірі студияға хабарласып, қыздың намысына тиетін «Өзің жеңіл жүрісті едің», «Бізге қосылып, өзің арақ іштің» деген сияқты сөздер айтты. Сонымен бірге эфирге ауыл тұрғындары, имамы қатысып, қызды айыптады. Жоба авторлары, жүргізушісі зәбір көрген адам мен кінәлі тарапты татуластырмақ болды. Бұл — мораль тұрғысынан да, заң тұрғысынан да миға сыймайтын нәрсе. Осының бәрі сын материалында жазылды. Ал телеарна басшылығы «Біздің мақсатымыз — зәбір көрген, жапа шеккен адамдарға көмек беру. Сіздер дұрыс түсінбедіңіздер. Сотқа береміз. Медиа ұйымдарға шағым түсіреміз» деп қорқытты, бірақ ешкім сотқа да бермеді, медиа ұйымдарына да шағым түсірмеді. Алайда бұл телеарна сын материалын өз контентін жақсарту үшін пайдаланды деп ойлаймын.
Сынды дұрыс қабылдайтын әріптестеріміз де бар. Мысалы, «New Alash» YouTube-каналы туралы сын жаздым. Сұхбат қалай жасалуға тиіс дегенге қатысты көп нәрсе айтылды. Жоба авторлары да, жүргізушісі де сынды қабылдады, рақметін айтты.
— Сын жазуға жас мамандардың тәжірибесі жетпей жатуы, ал аға буын медиадағы жаңа нәрселерді түсінбеуі немесе қабылдамауы мүмкін. Демек, салаға маман табу өте қиын. Бұл проблема қалай шешілмек?
— Иә, дұрыс айтасыз. Сын жазу жас мамандардың, журналистердің қолынан бірден келе бермейді. Аға буын әріптестеріміз медиа сынын мүлдем басқаша түсінеді. Бұрын біздегі БАҚ-та медиа сынына ұқсас материалдар кездесіп тұратын. Бірақ олар медиа сыны принциптеріне сай келмейтін, көбіне жоба авторларының жеке басына тиісетін және біржақты жазылушы еді.
Медиа сынын жазамын деген адамға кәсіби білім жетіспей жатады. Бұл мәселені қалай шешуге болады? Біз үнемі медиасыншылардың жаңа буынын қалыптастыруға күш саламыз. Өйткені бұған журналистикадағы көп жылдық тәжірибемен бірге білім де керек. Бір өкініштісі, қазақша сын жазамын дегендер сирек шығатынына көзім жетті. Сол себепті әріптестерім ішінен көп адамды атай алмаймын. Қазақша жазатын медиасыншылар арасында өте кәсіби, сапалы материал беріп жүрген Риза Исаева, Бэлла Орынбетова дейтін әріптестеріміз бар. Жалпы, тренингіге қатысқандар кейін сын жаза алмай, құлшынысы жоғалып жатады. Бұл — өте қиын жанр. Өйткені көп жұмыс істелуі керек. Бір материал 1-2 ай жазылуы мүмкін.
— Медиаға сынды кез келген адамның, журналистің жазуға құқы бар ма? Сын объектив болуы үшін осы салаға қалай мамандану керек?
— «Медиа сынын жазуға әр журналистің құқы бар ма?» деген сұрақ жиі қойылады. Кей әріптесіміз «Мұндай материал жазуға құқыңыз жоқ, өйткені көп нәрсені білмейсіз» деп айтып жатады. Медиа сынымен айналысамын деген журналистің осы бағытта тәжірибесі мол болуы керек. Саланың барлық тұсын жетік меңгеруге тиіс, кәсіби көзқарасы қалыптасуы қажет және арнайы білімі болуы шарт. Internews Қазақстан осы салаға жаңа адамдарды тарту үшін тренингілер өткізіп отырады. Бұған кез келген журналист қатыса алады. «Көш жүре түзеледі» демекші, тренингіге қатысып, медиасыншы болып кеттім деуге де болмайды. Бұл — біртіндеп үйренетін нәрсе.
Тренингілерден бөлек, Internews Қазақстан сайтында шетелдік медиасыншылардың қатысуымен онлайн дәрістер өтіп тұрады. Биыл наурыз айында Украина медиасыншысы Наталья Лигачевамен медиасын кеші өтті. Бұл жерде де өте пайдалы ақпараттар айтылды. Былтыр желтоқсанда Америка журналисі, медиасыншы, бірнеше кітап авторы Джулия Соломон Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан медиасыншыларына арнап кездесу өткізді. Осындай шараларды бақылап, қатысамын дейтін ниеті бар азаматтарға есігіміз әрдайым ашық. Медиасыншы боламын деген әріптестерімді тренингілерге, дәрістерге қатысуға шақырамын, оларға үнемі жол ашық.
— Журналистика сынының болашағы қандай?
— Менің ойымша, кейінгі екі жылдың ішінде медиа сыны қазақстандық БАҚ-тағы проблемаларды көрсетті, көтерді. Контентті жақсарту жағынан өте көп жұмыс істеуіміз керек. Сол себепті медиа сынының болашағы өте зор. Бізге өте қажет. Медиа саласы дамыған, сөз бостандығы деңгейі жоғары АҚШ-тың өзіне сын жанры керек болса, Қазақстанға бұл жанр әлі көп жылға тіпті де қажет. Өйткені біздің медиада контентке байланысты проблема көп. Сол себепті бірлесіп, көп жұмыс істеуіміз керек.
Бұл қанша жылға созылады және медиа сыны бізге қанша уақыт керек болады деген сұраққа келсек. Журналистика бар кезде сын да бола береді. Өйткені бәрін 100% мінсіз жасау мүмкін емес. Сол себепті бізге сын жанры 10-20 жылдан кейін керек болмай қалады деп айту қиын.
— «Мемлекеттік басқару жүйесі журналистиканы өлтірді» деген пікір бар. Осыған қатысты сіз не айтасыз?
— Мемлекет жүйесіне жақын БАҚ туралы айтып отырсаңыз, бұл сөздің жаны бар. Өйткені олар мемлекеттік тапсырыс алып, сол арқылы күн көріп отыр. Әрине, бұл контенттің сапасына әсер етеді. Аудиторияны кеңейту деген сияқты жұмыстарға кесірін тигізеді. Өйткені мемлекеттік тапсырыс алып отырған БАҚ шеңберде қалып қалады, яғни шектеу бар. Мұндай медиа оқырман сұранысы үшін емес, мемлекеттік орган қажеттілігіне жұмыс істеп отырғандықтан дамуы да екіталай. «Мемлекеттік басқару жүйесі журналистиканы өлтірді» деп кесіп айтуға болмайтын шығар, бірақ журналистика деңгейіне, бұл саланың жаңа бағыттарының, жанрларының дамуына кесірін тигізіп отыр. Алысқа бармай-ақ, Қырғызстанмен салыстырғанда Қазақстан медиасы бірнеше жыл артта қалды. Журналистік зерттеу жанрымен көп әріптесім айналысқысы келмейді. Өйткені бұл — өте қауіпті жанр. Тек кейінгі 2 жылда бұл бағыттың жанданып, қайта тіріліп келе жатқан жайы бар.
— Жалпы бүгінгі журналистика не нәрсеге зәру?
— Көп дүниеге зәру. Мемлекеттік тапсырыссыз күнін көре алмай отыр. Бізде сын, журналистік зерттеу жанрындағы материалдар жетпей жатады. Журналистикадағы ашықтық, оқырманды алдамай, объектив материал беру кемшін.
Қазір Пенсильвания университетінің журналистерге арналған курсына қатысып жатырмын. Мұнда журналистиканың негізгі 10 принципі туралы айтылады. Соның ішінде объектив, ашық болу деген бар. «Объектив» дегеннің екі жаққа, тарапқа сөз беру екенін бәріміз білеміз, бірақ біздегі БАҚ мұны ұстана бермейді. Ал «ашықтық» деген түсінікті курсқа қатысып жатқан көп әріптесіміз хабарсыз болып шықты. Бұл журналист не жасап жатыр және қалай жасап жатыр дегенді меңзейді. Өйткені жұмыс ашық болуы керек.
Сонымен бірге жанашырлық деген принцип бар. Журналист материалын тек әділ, объектив жазып, фактілерді тексеріп қана қоймай, мұқтаж адамдарға жомарттық танытуы керек екен. Материалыңыз арқылы сізден қолдау күтетін адамдарға демеу болып, күш беруіңіз қажет. Осының бәріне қазіргі Қазақстан журналистикасы зәру деп есептеймін.
— Сіздің үнемі тәуелсіз журналистикада істеп келе жатқаныңызды білеміз. Алдағы уақытта мейлінше шынайы сөз бостандығына жету мүмкін бе және бұған қалай жетеміз?
— Қазақстанда шынайы сөз бостандығына жету елдегі саяси ахуалға байланысты дер едім. Бұл айдан анық нәрсе. Қазіргі биліктің нағыз демократия орнатуға құлшынысы болмаса, біз сөз бостандығына да жете алмаймыз. Бұған тек билік емес, қоғам, журналистер қауымы ат салысуы керек.
2015 жылы Украинада болдым. Сол кезде осы ел билігінің БАҚ туралы заңға біршама шектеу енгізу туралы ұсынысы болды, бірақ 2 мыңдай журналист алаңға шығып, қарсылық білдірді. Нәтижесінде бұл шектеулер заңға енбеді. Ал бізде БАҚ туралы заңға журналистер үшін тиімсіз түзетулер енгізілгенде де ешкім үндемейді, қарсылық білдірмейді. Тек бірен-саран сарапшы, тәуелсіз журналист үстел басында немесе БАҚ-та пікір айтады. Болды. Алаңға шығып, пікірін айтуға көп журналистің батылы жетпейді. Қорқады. Әуелі сөз бостандығы ауадай қажет екенін түсінуіміз керек, әйтпесе, біз бұл нәрсеге жете алмаймыз. Сол себепті қоғам, қауым болып ат салысуымыз қажет.