Балмұздақтың сапалысын қалай ажыратамыз?
Маманның айтуынша, балмұздақ алатын кезде мына критерийге мән берген жөн:
- Балмұздақ сататын жердегі сақтау шарттарына назар аудару. Кез келген балмұздақ минус 18 градуста сақталуы шарт және ұстағанда жұмсақ болмауы керек. Ал жұмсарып тұрса, аздап еріген болса, талаптар сақталмаған болуы мүмкін.
- Жарамдылық мерзімі. Өнімнің қаптамасында балмұздақ шыққан күн нақты жазылуы керек. Бұл дерек сызылған болса немесе көрсетілмесе, алмаған жөн. Тауардың жарамдылық мерзімін міндетті түрде қараңыз.
- Құрамы. Сапалы тауардың құрамында ең әуелі табиғи сүт немесе кілегей болуы керек.
- Балмұздақтың түрі. Балмұздақты таңдағанда пішініне назар аударыңыз. Мыжылған, бастапқы пошымы бұзылған, демек дұрыс сақталмаған, еріген, артынан қайта мұздатылған болуы мүмкін. Сақтау режимінің бұзылуы балмұздақтың дәміне ғана емес, қауіпсіздігіне де әсер етеді. Қайта мұздатылған балмұздақтың сырты мұз кристалдарымен қапталады. Одан оның дәмі мен құрылымы бұзылады.
- Қаптамасы. Қаптамадан клиент тауар туралы ақпаратты көруі керек. Бұл — сапалы жасалған қаптаманың алғашқы шарты. Әуелі өнімнің шыққан жері және уақыты көрсетілуі қажет. Сонымен қатар қаптама қорғаныш қызметін атқарады. Ол жыртылса немесе жазуы өшіп қалса, тауардың аты, шыққан жері, уақыты, құрамы жазылмаса, сатып алудан бас тартыңыз.
Құрамындағы қай ингредиентке назар аудару керек?
Балмұздақ рецепті негізінен табиғи сүт немесе кілегей, май, құрғақ сүт, қант, хош иістендіргіш және тұрақтандырғыштан тұрады. Кәдімгі классикалық балмұздаққа (сүт, кілегей және балмұздақ) өсімдік майын қосуға қатаң тыйым салынады. Сондықтан өсімдік майы тек вафель өнімдерінде немесе глазурьде болуы мүмкін.
Кей балмұздақтарға сүт майы қосылады. Бірақ оның көлемі 50%-тен аспауы қажет. Мұндай балмұздақтың құрамында сүттің компоненттері көбірек болуы керек және ол майлардан бұрын жазылуға тиіс. Егер өнім құрамындағы сүт майының мөлшері 100%-ке жетсе, оны «мұздатылған десерт» деп атау керек. Сондықтан өнімді таңдағанда балмұздақтың атауына назар аударыңыз, алдыңызда тұрған сүтті немесе мұздатылған пломбир ме, әлде сүт майын алмастыратын балмұздақ па? Бәлкім десерт шығар.