Президент Шарын шатқалындағы селден қаза тапқан мұғалімді марапаттады

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Адам өмірін сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Алматы қаласы «№ 199 мамандандырылған гимназия» КММ мұғалімі Мерей Нұрғазыұлы Ибрагимов «Ерлігі үшін» медалімен наградталсын (марқұм). Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі, — делінген қаулыда.

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-парақшасында мемлекет басшысы Шарын шатқалындағы қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан Мерей Ибрагимовтың жақындары мен туыстарына көңіл айтқанын хабарлады.

Оның сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаев 29 мамыр күні Алматы облысындағы Шарын шатқалында болған қайғылы оқиғаны үлкен күйзеліспен қабыл алды. Президент қайтыс болғандардың жақын туыстарына көңіл айтып, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Шәкірттерін құтқарамын деп өзі құрбан болған білікті маман Мерей Нұрғазыұлы өмірін ұстаздыққа арнады. Оқушыларының сүйікті мұғалімі болды. Табиғат тосын мінез көрсеткен апатты жағдайда жас ұстаз батылдық танытып, оқушысына жанкештілікпен көмек көрсетуге ұмтылды. 26 жасында өмірден қыршын кеткен Мерей Нұрғазыұлының ерлігі мен жарқын бейнесі ұмытылмайды, — делінген көңіл айту жеделхатында.

Айта кетейік, мұның алдында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың Шарын шатқалында болған селден қаза тапқан мұғалім мен оқушының отбасына көңіл айтқаны хабарланған еді.