Ауыл әкімі сайлауына мұғалімдер мен фельдшерлер де түсе алады

Президент әкімшілігі басшысы орынбасарының айтуына қарағанда, ауыл, кент, аудандық маңыздағы қала мен ауылдық округ әкімі сайлауына түсу үшін біліктілік талабының 9 нұсқасы бар.

Тек мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, мектеп директорлары, оның орынбасарлары, тіпті мұғалімдер мен фельдшерлер өз саласында 6 жылдан артық жұмыс істесе, сайлауға түсе алады. Фермерлік шаруашылық басшылары туралы да осыны айтуға болады. Өкінішке қарай, сарапшылар қауымдастығы осы мәселені сәл дұрыс түсінбей жатыр. Біліктілік талабының 9 нұсқасы бар. Кандидат сол тоғыз нұсқаның біріне сәйкес келуі керек. Иә, мемлекеттік қызмет туралы талап бар. Бірақ тағы бір талап бойынша, мемлекеттік қызметте еңбек өтілі болмаса да, әкім бола алатыны жазылған, — деді Мәлік Мырзалин Хабар-24 арнасына берген сұхбатында.

Мәлік Мырзалин сонымен бірге ғаламдардың әкім болуға мүмкіндігі барын айтты.

Ғылыми дәрежесі бар адамдар мемлекеттік қызметте өтілі болмаса да, әкім бола алады. Президенттік жастар кадр резервінде тұрғандарға да мүмкіндік қарастырдық, — деді ол.

Айта кетейік, мұның алдында Мәлік Мырзалин ауыл әкімдері екі мерзімге ғана сайлана алатынын айтқан еді.

Еске салсақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау туралы Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейтін құжатқа қол қойған болатын.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда ауыл әкімдерін тікелей сайлау қалай өтеді?