Қытайдан Қазақстанға жалғыз өзім көшіп келдім. Мақсатым — әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетіне оқуға түсу. Бірақ оған дейің әуелі дайындық курсын оқуым керек екен. Сөйтіп мені Түркістанға жіберді.
2014 жылы Алматыға емтихан тапсыруға қайта келдім. Қаланың ішін білмеймін. Ол кезде құдаларымыздың үйінде тұрып жүрдім. Ол кісілердің үйі Алтын орданың ар жағындағы бір-бір жарым сағат жерде орналасқан. Туыс ағам қағазға қай автобусқа мініп, қайдан түсуім керек екенін жазып беретін. Сөйтіп құжаттарымды университетке өткізумен бірнеше күн шапқылап жүрдім. Таңғы бес-алтыда үйден шығып, кешкі сегіз-тоғызда қайтамын.
Аяғыма аппақ киім кигенім есімде. Қытайда сатып алғанмын, кішкентай ғана өкшесі бар. Университеттің артқы қақпасынан шыққаным сол еді, аяқкиімімнің бір сыңарының табаны мен өкшесі түсіп қалды. Сәл жүріп, көше бойындағы орындыққа отырдым да жыладым.
Онсыз да ары-бері жүріп шаршаған мен үшін бұл жайт тағы бір қиын мәселе сияқты көрініп кетті ғой деймін. Тоқтамай қатты жылай беріппін. Оның үстіне жұрттан ұялып отырмын. Ал елдің бәрінің назары менде.
Сол жылдары университеттің артқы қақпасының оң жағында таксист ағайлар тұратын. Солардың бірі жылап отырған мені көріп, жаныма жақындап «Қызым-ау, не болды?» деді. Мән-жайды айтып бердім де, ары қарай жылай бердім.
Әлгі кісі мені жұбатып, көлігіне отырғызып, аяқкиім сататын дүкенге апарды. Ол жерден жап-жаңа аяқкиім сатып алып берді. 16-автобусқа мінетінмін. Дәл сол автобус қатынайтын аялдамаға дейін жеткізіп тастады. Алғысымды айтып, түсіп қалдым.
Кейін емтихан тапсырып, оқуға «үһ» деп түстім ғой. Сол кезде көмек берген жаңағы адамның кім екенін сұрамағаным есіме түсті. Есімі кім? Ағай дейін бе, атай дейін бе? Білмеймін. Әйтеуір, жасы үлкен, жылы жүзді адам ретінде есімде қалыпты.
Қазір Нұр-Сұлтанда тұрамын. Екі балам бар. «Сол бір адам» айдарын оқығанымда өмірімдегі осындай керемет естеліктер жадыма оралды. Тіпті басымнан мұндай оқиғаның көп өткенін түсіндім. Қытайдан жападан-жалғыз келгенде бауырына басқан алыс туысыма, көшеде адасқанда орысшама күлмей, жол көрсеткен қала тұрғындарына, оқуға, жаңа ортаға сіңісуіме көмектескен группаластарыма және ең қиын әрі маңызды сәтімде жап-жаңа аяқкиім алып беріп, маған қолдау көрсеткен сол бір адамға алғысым шексіз.
(Мақалада кейіпкердің есімі өзгертілді)
Тағы да оқыңыз: Сол бір адам. «Ауыл адамдарының көмектесуге дайын тұратыны жайлы»