Басты бетБілімБүгін мектептерде...

Бүгін мектептерде соңғы қоңырау соғылады

2020-2021 оқу жылында 3 миллион 400 мың бала мектепте білім алды. Оның ішінде қорытынды аттестаттауға баратын 264 800-ден астам 9 сынып түлегі, 154 400-ден астам 11 сынып түлегі бар.

Білім және ғылым министрлігі биылғы соңғы қоңырау шараларын үш түрлі форматта өткізуге рұқсат беріп отыр.

Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы Майра Мелдебекованың айтуынша, дәстүрлі форматтағы соңғы қоңырау негізінен 9 және 11 сынып түлектері үшін ұйымдастырылмақ.

Соңғы қоңырау шарасын өткізу форматы бойынша мектептерге Білім және ғылым министрлігінің тарапынан методикалық нұсқаулық жіберілді. Нақтырақ айтсақ, бірнеше формат ұсынылды. Біріншіден, аттестат алатын сыныптар үшін мектептегі соңғы қоңырау екенін ескере отырып, 9-11 сыныптарға дәстүрлі форматта өткізуді ұсындық. Екінші формат бойынша әр сынып жеке өткізе алады. Жеке оқушыларды шақырып та, сынып сағаты ретінде де өткізуге болады. Үшіншіден, өздері үйренген онлайн формат бойынша өткізе алады, — деді ол.

Елдегі эпидемиология ахуалына байланысты түлектерге аттестат тапсыру салтанаты әр мектептің ауласында өтуге тиіс. Яғни, бұрынғыдай орталық алаңдарда салтанатты шаралар ұйымдастыруға тыйым салынып отыр. Білім және ғылым министрлігі аттестат тапсыру салтанатының соңын думанды кешке ұластыруға да жол берілмейтінін ескертті.

Біріншіден, бұл істі жергілікті атқарушы органдар қадағалауы керек. Салтанатты шара тек мектептің ауласында болады. Яғни, аттестат тапсыру рәсімі кесте бойынша өтеді. Одан әрі қарай жалғастырып, кеш ұйымдастыруға мүлдем тыйым салынған. Мұғалімдер оқушылар аттестат алғанша байланыста болады. Әрбір оқушы, әрбір ата-ана, әрбір мұғалім қауіпсіздік үшін тыйым салынып отырғанын түсінуі керек. Сантитарлық-эпидемиология ахуалына байланысты түсіністікпен қарағаны жөн, — дейді Майра Мелдебекова.

Ең бастысы, бүгін соңғы қоңырау соғылғанымен, оқу жылы толық аяқталмайды. Білім және ғылым министрлігі қашықтан оқытуда кеткен олқылықтардың орнын толтыру үшін 26 мамыр мен 19 маусым аралығында жазғы мектеп жобасын іске асыру туралы шешім қабылдаған еді. Оған оқушылардың қатысуын ата-аналардың өзі шешеді.

Яғни, кім де кім баласы оқу жылында алуға тиіс білімді толық меңгермеді деп есептесе, жазғы мектепке жазыла алады. «Бесінші тоқсан» оқушыларына білім алудың бірнеше форматы ұсынылмақ. Қосымша сабақтар ата-ананың қалауымен өткізіледі. Оның форматы да әртүрлі болады. Кейбір мектептерде сыныптар дәстүрлі форматта жұмыс істеуі мүмкін немесе әр оқушымен жеке жұмыс жүргізілуі мүмкін. Яғни, формат оқушының қандай тақырыпты игермегеніне байланысты болады, — деді Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы.