— Аружан, әуелі «Ұлан» газетімен қалай танысқаның туралы айтып берші…
— «Ұлан» газетін 1-кластан бері тұрақты оқимын, бірақ мақала жазған емеспін. 9-класта оқып жүргенімде газеттің жас тілшісі, құрбым Айсұлу Съезхан «Журналистикаға оқуға түссең, шығармашылық емтихан тапсырасың. Сол кезде портфолиоң болуы керек, газет-журналға мақалаларың жариялануы керек» деп айтты, бірақ бұл кезде де аса мән бере қоймадым. 10-класта мақала жазуға кірістім. Бұған құрбымның жас тілші атанып, куәлік алғаны себеп болды. Осыдан кейін қызығушылығым оянды. «Неге қазірден өзімді шыңдамасқа?» деп кірістім.
— Алғаш жазған мақалаң есіңде ме?
— Алғашқы мақаламды жазғанда қатты қобалжыдым. «Жазған мақалам үшін редакция қызметкерлерінен сөз естимін бе» немесе «Материалым шықпай қала ма?» деген ой маза бермеді. «Журналист болғым келеді» деген сияқты тақырыптарда мақала жазып жіберетінмін, бірақ жарияланбады. Газеттің әр нөмірін ақтарып, өз мақалаларымды іздейтінмін, бірақ таппаймын. Бұған көңіл-күйім түсіп кетеді. Себебін кейін білдім — жаттанды тақырыптарды жазып жүрген екенмін. Газетке жарияланған алғашқы мақалам Әбілхан Қастеев музейі туралы болды. Балалар мен жасөспірімдердің «Жас ұлан» республикалық ұйымымен Әбілхан Қастеевтің музейіне бардық. Сол сапардан кейін «Неге осыны мақала етіп жазбасқа?» деген ой келді. Музейден жинаған бүкіл ақпаратты жазып шықтым, бірақ көңілімнен шықпады. Оны тексеріп, түзетуге жарты айдай уақыт жұмсадым.
— Ал қазір «Ұлан» газеті бетінде жас тілшілер қандай тақырыптарды көтересіңдер? Өзіңнің қай материалыңмен мақтанасың?
— Қазір мақала жазу, сұхбат алу бұрынғыдан қиын емес. Алғашында бір айға жуық уақыт жазып жүрсем, қазір апта сайын мақалаларым жарияланады. Музей туралы мақаланы газет бетінен көргенде ең күшті сезімде болдым. Осыдан кейін мақала жазуға шынымен қызығушылық пайда болды. Қандай тақырыптарды жазу керегін түсіндім. Жазғы каникулда уақытымды мақала жазып, сұхбат алуға арнадым. Дарынды балалармен, студенттермен әңгімелестім. Сұхбатты қалай жүргізу қажетін, адамдармен қалай сөйлесу керегін үйрене бастадым. Алғашқы сұхбатымды Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын Асылбек дейтін жігіттен алдым.
Жалпы газеттен түрлі салада жетістікке жетіп жүрген оқушылар, студенттер туралы көп оқимыз. Өзім де осындай материалдар дайындауға тырысамын. Жуырда Kemenger school мектебінің негізін қалаушы Перизат Мұратқызынан «Есте сақтау қабілетін қалай жақсартуға болады?» деген тақырыпта сұхбат алдым. Оқырманға пайдалы болды деп ойлаймын. Солтүстік Қазақстан облысындағы бұрынғы Петерфельд мектебі туралы жаздым. Бұл мектеп ескі болған, кейін жарты ғасырға жуық тарихы бар мектеп жөндеуден өтіп, Қызылжар Абай орта мектебі болып қайта ашылды. Ауылдың қарапайым мектебі қалай заманауи білім ордасына айналғаны туралы материалды жазу үшін біраз зерттеуді талап етті. Бұл тақырыпты редакция қызметкерлері берген ең алғашқы тапсырма болды. Өз көңілім толған материалым осы болды.
«Ұлан» газеті редакциясының Аружан Абсатар туралы пікірі: Аружан өте белсенді қыз, жетістігі де көп. Оқырман оның мақалаларын күтіп жүріп оқитынына сенімдіміз. Редакцияның хат қоржынына Аружаннан мақала келсе, бірден оқығымыз келіп тұрады. Аружан өте сауатты жазады. Грамматика, пунктуация, стилистика жағын жақсы біледі. Газетке материал жолдамас бұрын бірнеше қайтара оқып, тексеріп алатыны көрініп тұрады. Әрқашан ізденісте жүреді. Жыл басынан бері газетке Аружанның жиырмадан аса мақаласы шығыпты. Әр кейіпкері есте қалатындай қызықты тұлға.
— Газет саған қандай мүмкіндік сыйлады?
— «Ұлан» газеті арқылы өзіме әр өңірден көп дос таптым және олар мені әрдайым шабыттандырып отырады. Осыған қуанамын. Былтыр желтоқсан айында газеттің жас тілшісі атандым. Оны естіп, қатты қуандым. Осыдан кейін маған газет түрлі мүмкіндік сыйлай бастады. Ең бастысы мақала жазу, сұхбат алу, адамдармен қалай сөйлесу керегін үйрендім. «Ұлан» газеті бас редакторының орынбасары Жұлдыз Әбділда Vласть.kz порталы ұйымдастырып жатқан «I have a dream» шығармашылық байқауына қазы болуды ұсынды. Қазіргі уақытта балалардың жазған шығармаларын тексеріп, байқаудың қорытындысын шығарып жатырмыз.
— Жуырда білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтен сұхбат алдың. Бұл сұхбаттың сәті қалай түсті, қандай әсер алдың?
— Министр Асхат Аймағамбетов жас тілшілерге сұхбат беретінін естігенде қатты қуандық. Осы жетістігіме де «Ұлан» газеті себепкер болды. Редакция қызметкерлері министрден сұхбат алуға мені ұсынған екен. Сұхбат алу бойынша тәжірибем болғаннан кейін ешқандай қобалжу, қорқыныш болмады. Жалпы Асхат Аймағамбетовтің журналистерге беріп жүрген сұхбатын көріп жүретінмін, оның жасап жатқан істерінен хабарым бар. Асхат Аймағамбетов өз ісіне адал, еңбекқор, қарапайым, білімді журналистерге сұхбат беруден қашпайтын кісі деп білемін. Ол бізді бала демей, барлық сұрағымызға толық жауап берді. Ешкімнің көңілін қалдырмады. Тұйық кісі деп ойлайтынмын, әңгіме барысында ашық адам екенін байқадым. Министрден алған сұхбаттан керемет әсер алдым, кейін бұл әңгімеміз WhatsApp-тағы чаттарда, Instagram-дағы түрлі топта жүрді.
— «Ұлан» газетінің болашақ жас тілшілеріне не айтасың?
— Газетке мақаласы жарияланбай жүрген немесе мақала жазуды бастай алмай жүрген достарым болса, оларға қорықпаңыздар деп айтар едім. Редакциядағы қызметкерлері сіздерге сын айтып, бетіңізден қақпайды. Керісінше, кем-кетігін түзеп, оны өңдеп, бағыт-бағдар, мотивация береді. «Ұлан» газеті кез келген жас авторды құшақ жая қарсы алады, бір мақалаңыз жарияланбай қалса, тағы да жазып көріңіз дегім келеді.