Нұрсұлтан Назарбаев: Шекараны қауіп-қатердің барлық түрінен сенімді түрде қорғау қажет

Отырысты ашқан Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуының күрделі сыртқы жағдайлары, ең алдымен, коронавирус инфекциясының жаһандық пандемиясының әлеуметтік-экономикалық салдарымен байланысты екенін айтты. Осыған байланысты, вакцинация жұмыстарының маңызы, сондай-ақ Үкіметтің халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу және экономикалық өсу қарқынын сақтау қажеттілігі атап өтілді.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жағдайдағы әскери құрылым мен Қарулы Күштердің конфигурациясында жаңа тәсілдерді әзірлеу қажеттілігін атап өтті.

Біз барлық көршімізбен берік достық қарым-қатынас және жетекші державалармен берік әріптестік орнаттық. Сонымен бірге мықты әскер – ел қауіпсіздігінің маңызды кепілі, — деді Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы.

Қазақстанның тұңғыш президенті бүгінде асимметриялық және гибридті қатерлерді тойтаруға дайындық, жаңа технологияларды енгізу және әскери процестерді басқаруды автоматтандыру маңызды мәнге ие болып отырғанын мәлімдеді.

Біздің Қарулы күштеріміз егемендік пен аумақтық тұтастықты, ұлттық мүдделерді қорғауға қабілетті болуы керек. Осының бәрі таяудағы онжылдықта әскерді дамытуды жоспарлау кезінде ескерілуге тиіс, — деп тапсырды Нұрсұлтан Назарбаев.

Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін шешу Шекара қызметінің жұмысын және шекараны қорғау әдістерін жетілдіруді ғана емес, сонымен бірге экономикалық, ақпараттық, қоғамдық және әскери қауіпсіздік бағыттарына байланысты жүйелі шараларды талап ететінін айтты.

Шекараны қауіп-қатердің барлық түрінен сенімді түрде қорғауды қамтамасыз ету қажет. Шекара қызметі мен Қарулы күштердің құрылымы үндестіріліп, бірыңғай стандарттар бойынша жүргізілуге тиіс. Сонымен бірге біз шекара қауіпсіздігі мәселесін кешенді, жүйелі түрде қарауымыз керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, елдің аумақтық-кеңістік дамуының басымдықтары шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттермен сәйкес келуге тиіс.

Отырыс барысында Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев пен ҰҚК Шекара қызметінің директоры Д.Ділмановтың баяндамалары тыңдалды.