Мадина графика дизайны мамандығы бойынша Павлодар көркемсурет колледжін бітірген. Биыл Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы академияны станокты графика мамандығы бойынша тәмамдағалы отыр. Қазір ол балалар басылымына сурет салады.

Тақырыптар түрлі-түрлі болып келеді, бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Журналдың әр санында өзгеріп отырады. Мысалы, «Әліппені сағыну», «Алматы ауасының ластану проблемасы», «Коронавируспен күрес», «Қыс» және тағы басқа тақырыптарда сурет салып жүрмін. Мұқабаны саларда мәтінге орын қалдыру керек. Бір тақырыпқа төрт немесе одан да көп нұсқа ұсынуға тырысамын. Редакция журналистері өзі таңдап алады. Журналдың мұқабасын салуға 5 күндей уақыт кетеді, — дейді Мадина Ерғазина.

Суретші әзірше өзіне тән стиль, қолтаңба іздеп жүргенін айтады. Қазір өнерін дамытып, әр суретті салғанда жақсы нәтижеге қол жеткізуге тырысады екен. Өзінің айтуынша, осы күнгі еңбектерінен де мықты дүниелер әзірлеуге қабілеті бар.

Балалар басылымына арналған сурет пен кәдімгі суреттердің аса бір айырмасы жоқ деп ойлаймын. Балаларға арналған кескіндемеде көбіне ашық түстер қолдануды сұрайды. Суық және жылы түстер контрастын біріктіруге тырысамын, — дейді суретші қыз.

Мадина әлеуметтік интернет-сервис Pinterest фотохостингін жиі ақтарады. Бұл қосымшадан адамдар идея іздейді. Қазақстандық суретші де сапалы иллюстрациялар тауып, солардан шабыт алады.

Мадина Ерғазинаны жапон суретшілері де шабыттандырады. Әсіресе, режиссер-аниматор Хаяо Миядзаки мен суретші Аями Кодзима шығармашылығын жақсы көреді екен.

Аямидің стилі мынадай деп нақты айта алмаймын. Дегенмен оның өзіне ғана тән, қызық, жаңа стилі бар. Ал Миядзакидің аниме мульфильмдер салатынын көпшілік біледі. Оның жұмыстарының сюжеті мейірімге толы, ертегі сияқты. Мульфильмдерді көбіне балаларға арнап түсіргенімен, ересектер де қызығып тамашалайды. Өйткені суреті мен анимациясы шын сияқты, әсіресе әр детальға мән беретіні таңдандырады, — дейді Мадина.

Мадина журналға сурет сала бастағалы басылым мұқабасы бұрынғыдан өзгеше реңк ала бастады. Мұқабада бұрынғыдай тек бір кейіпкер тұрмайды, редакция журнал санындағыны тақырыптарды жинақтап беруге тырысады. Бұл ойын Мадина іске асырып жүр. Ал 2020 жыл қорытындысы бойынша, «Ақ желкен» журналы Мадина Ерғазинаны жылдың үздік суретшісі деп таныды. Басылымға ол туралы материал жариялағанда редакция мынадай пікір білдіріпті:

«…(Мадина) «барын салды» дейтін жөніміз бар, себебі бір журналға бір сурет қана салмайды, бірнеше нұсқасын дайындайды. Соны ұжым боп талқылап, талдап, біреуін ғана таңдаймыз. Бұл — әр нөмір сайын қайталанатын үрдіс. Кейбір суретті қайта салуға, дамытуға, кем-кетігін өзгертуге тура келеді. Осының бәріне қыңқ демей, журналдың жарқырап шығуына мұрындық болып жүрген Мадинаға алғысымыз шексіз…»

Мадина негізі Adobe Photoshop бағдарламасында, кейде Illustrator-да салады. Кейінгісін әзірше толық меңгерген жоқ. Оны академияны аяқтаған соң жақсылап қолға алмақшы. Кейде қолмен сурет салып, акрил немесе акварель пайдаланады.

Тағы оқыңыз:

Қазіргі балалар газет-журналға не жазып жүр?