Адам денесінің қай бөліктерінен жағымсыз иіс шығуы мүмкін?
Терлеу — табиғи процесс. Дегенмен кей адам түрлі ауру немесе басқа да себептерден тершіл болып келеді. Организмге инфекция түсетіндіктен, терлеу кезінде жағымсыз иіс пайда болады.
Тершілдікті медицинада «гипергидроз» деп аталады. Гипергидроздың артында түрлі фактор тұруы мүмкін, дегенмен негізгі себеп — организмнің ішкі мүшелері ауруы. Оларға:
- гормон аурулары;
- әйелдердің аяғы ауыр кезде көп терлеуі;
- артериялық гипертензия;
- бүйрек ауруы;
- бауыр ауры және тағы басқа жатады.
Жағымсыз иіс аяқ, қолтық, алақан, көбіне ер адамдардың арқасынан шығады. Ал бас терісінен жағымсыз иіс шықса, трихологқа бару керек.
Мұндай иістің пайда болуына жеке гигиенаны сақтамау да әсер етеді. Кей адам қатты терлесе де, үстінен жағымсыз иіс шықпауы мүмкін. Өйткені ол күнделікті жуынып, антиперспирант қолданады.
Оған қоса, жағымсыз иістің шығуы жеген тамаққа да байланысты. Алкогольді ішімдікті жиі ішетін, ащы, фастфудты көп жейтін адамдар терлегенде денесінен жағымсыз иіс шығуы мүмкін.
Сода мен тұз жағымсыз иістен құтылуға әсер ете ме?
Мұндай иістен құтылу үшін, әуелі, оның шығу себебін анықтау керек. Ол үшін терапевт немесе эндокринологқа көріну қажет. Дәрігерлер жағымсыз иістің шығу себебін тапқан соң антибиотик, вирусқа қарсы дәрілер, гормондар теңгерімсіздігі анықталса, оны қалпына келтіретін дәрі жазып береді. Ондай дәріні маманның кеңесімен ғана қабылдау қажет.
Үйде сода мен тұз арқылы иіс кетіруге тырысатын адамдар бар. Бірақ одан нәтиже жоқ. Тұз бен соданы тек дәрігер кеңесімен иістен құтылуға арналған жалпы терапияның бір бөлігі ретінде қолдануға болады.
Соданы жылы суға қосып, аяқты салып отыруға болады. Концентрациясына мұқият болу қажет. 1 литр суға 1-2 ас қасығымен сода қосады. Соданың мөлшері бұдан көп болса, аяқ қызарып, зақымдануы мүмкін. Сода қосылған суға аяқты күніне бір-екі рет салса, жеткілікті. Аяқты сүртіп, қышымаға қарсы май жағады. Бұл терапияның бәрін тек дәрігер кеңесімен жасау керек. Мұндай суға қолтықты салуға болмайды.
Дәрігерге емделіп жүргенде бұрын киген аяқ киімдерді тастау керек. Сапасы жақсы, ауа кіретінін алу керек. Қолтықтан, арқадан шықса, бұған дейін киген киімдерді тастауға тура келеді. Оларды қанша жуса да, онда қалған инфекция денеге жұғады. Біреудің киімін, аяқкиімін киюге, сүлгісін пайдалануға болмайды.
Дезодорант пен антиперспирант әсері қай уаққа дейін жетеді?
Дезодорант уақытша жақсы иіс шығарады. Тершілдікті азайту үшін антипреспирант қолдану қажет. Дегенмен екеуінің де әсері уақытша ғана. Адам ауырып жүрсе, организмінде инфекция болса, қатты терлесе, бұл құралдар жағымсыз иістің шығуымен ұзақ күресе алмайды. Дезодорант пен антипреспирант сатып алғанда олардың құрамында спирт, қышқыл болмауы қажет.
Ботулотоксин препаратының жанама әсері бар ма?
Косметологтар қатты тершілдікті диспорт немесе ботекс инъекциясын салу арқылы уақытша кетіреді. Бұл процедура «ботулинді терапия» деп аталады. Ботулотоксиннің «А» түрі, яғни нейропротеин қолданылады. Оның әсері жарты жылға, кей адамдарға бір жылға жетеді. Бұл инъекцияны алған адам бұрынғыдай қатты терлемейді, денесінен жағымсыз иіс шықпайды.
Адам терісінде көптеген тер бездері бар. Ботулотоксин препараты тер бездеріндегі импульстарды азайтады. Сол себепті адамда препарат әсері бар кезде тер пайда болмайды немесе аз терлейді. Солай, жағымсыз иістің пайда болуы да азаяды. Бұл процедурада препарат микродозамен қолданылуы керек. Оны жазда да, қыста да жасауға болады. Препаратты енгізбес бұрын пациент анализдер тапсырады, процедураның қалай жүретіні, одан кейін қалай күтінуге қатысты дәрігерден консультация алуы керек.
Препаратты аяқ, қолтық, алақанға салады. Оларға көп препарат керек емес. Арқаға сирек салады, өйткені оған салынатын препарат түрі көбірек, соған сай ақысы да қымбатырақ тұрады. Мысалы, екі қолтыққа салу 100 мың теңге болса, арқаға салынатын доза бұдан 2-3 есе көп болады.
Ботулинді терапияны мына адамдарға салуға болмайды:
- аяғы ауыр әйелдер;
- бала емізетін әйелдер;
- кәмелет жасқа толмағандар;
- қант диабеті, артериялық гипертензия, АИТВ, гормон аурулары және басқа да созылмалы аурулары бар адамдар.
Мұндай адамдарға салса, әсері болмауы мүмкін және кері әсер етуі мүмкін.
Ботулинді терапияның жанама әсері қандай?
Дәрігер препарат дозасын дұрыс таңдаса, процедураны дұрыс жасаса, жанама әсер болмауы керек. Моншаға жиі бармау, күн астында көп жүрмеу, спортпен айналыспау сияқты дәрігердің кеңесін ұстанбаған адамдарда терапия әсері 3-4 ай ішінде кетіп қалады. Дені сау адамға салынған препараттың жанама әсері — осындай.
(Басты иллюстрация: Dribbble.com/©Kirbie Koonse)