Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

1 қыркүйекте Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы басталады

Иллюстрация: Egov.kz

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, санақты өткізу процесі толық автоматтандырылып, оған заманауи сандық технологиялар енгізіледі.

Биыл азаматтарға сауалнама парақтарын онлайн режимде өз бетінше толтыру немесе үй-үйді аралау кезінде офлайн толтыру мүмкіндіктері ұсынылады.

1 қыркүйектен бастап sanaq.gov.kz арнайы сайты жұмысын бастайды. Мұнда қазақстандықтар 15 қазанға дейін онлайн-режимде санаққа қатысты барлық сұраққа жауап бере алады.

Дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан белгіленген мерзім ішінде санақтан онлайн-режимде өтпеген респонденттер арасында жүргізіледі.

Дәстүрлі кезеңнің жаңашылдығы — интервьюерлердің үй аралау кезінде электрон планшеттерін пайдалануы болмақ. Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН-ді енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, сонымен бірге интервьюерлер үшін қолайлылық пен олардың жинақылығын арттыруға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Санақ кезінде мәліметтер жинау үшін сәйкестендіргіш ақпарат ретінде сауалнамаға қатысушының ЖСН-ні қолданылады. Бұл ақпараттың қайталануын болдырмайды.

Мақалаға реакция