«Алматы жастары 3.0»: Биыл баспана алуға қанша жас маман өтініш берді?

Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Facebook-парақшасында жазды.

Оның айтуынша, биыл «Алматы жастары 3.0» бағдарламасының санат тізімі кеңейіп, жеңілдетілген қарыз сомасы ұлғайтылды.

Өткен жылы жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша «Алматы жастары 3.0» бірегей қалалық бағдарламаны әзірлеп, іске қостық. 35 жасқа дейінгі мыңдаған жас алматылықтар 25 жылға дейінгі мерзімге жылдық мөлшерлемесі 5%-пен жеңілдетілген тұрғын үй заемын алу құқығына ие болды. Сұраныстың артқанын ескеріп, биыл бағдарлама жалғасын тапты. Бұл ретте қарыз сомасына 5 миллион теңге қосылды, яғни 18 миллион теңгеге дейін ұлғайды, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Алматы әкімі бұрынғыша тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықтан таңдауға мүмкіндік барын еске салды. Сонымен бірге енді медицина қызметкерлері, мұғалімдер, ЖОО мен ҒЗИ қызметкерлері, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, жазушылар, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы қызметкерлерімен бірге құқық қорғау органдарының қызметкерлері де бағдарламаға қатысу мүмкіндік алғанын айтты.

Бақытжан Сағынтаев биыл да өткен жылдағыдай қолжетімді баспана сатып алғысы келетіндер көп екенін жазды.

Биыл 10-31 наурыз аралығында 9 741 өтініш келіп түсті, оның 3 828-і бағдарлама талаптарына сәйкес келмегендіктен қабылданбады. Бағдарламаға қатысуға 5 913 өтініш қабылданды. Соның ішінде денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінен — 1 716; білім беру — 2 356; мәдениет — 225; спорт — 55; ЖОО және ҒЗИ қызметкерлері — 639; БАҚ — 111; әлеуметтік сала — 57; құқық қорғау органдары — 754, — деді әкім.

Тағы оқыңыз: «Алматы жастары» бағдарламасына қалай қатыса аламын?