Тұмарды бойтұмар ретінде бау өткізіп, мойынға таққан. Кейде киім жағасына, қолтық астына, баскиім ішіне тігіп немесе түйреуіш ретінде қадап алған. Тұскиіз, кілемдерге қыстырып, жастықтың астына жастап жататын болған.
Бұл — бойтұмар. Оны адам мойнына тағып, көйлегінің, жейдесінің ішіне салып қоятын болған. XX ғасырға жатады. Ақмола облысы халқына тиесілі. Былғарыдан, мақта матадан тігілген. Мұндай үшбұрышты тұмардың ішіне, әдетте дұға жазылған қағаз тігіледі. Мұны адам жамандықтан қорғайды деп тағады.
Жоғарыдағы тұмардың ең ұзын кесіндісі — 10 см, одан кейінгісі — 7,5 см, үшінші қабырғасы — 7 см. Астыңғы тұмардың ұзын кесіндісі — 7 см. Ал мойынға тағатын баудың ұзындығы — 60 см. Тұмарды жұрт көзіне көрсетіп алып жүру немесе тағу міндетті саналмаған.
Бұл бойтұмар Алматы облысы халқына тиесілі, XIX ғасыр соңына жатады. Тұмар жібек матадан, мақта матадан тігілген, бау жасалған.
Баудың ұзындығы — 39 см, жоғарыдағы тұмардың биіктігі — 4,4 см, төменгі үшбұрыш табаны ұзындығы — 7,9 см. Ал төменгі бойтұмар биіктігі — 3,3 см, төменгі үшбұрыш табаны ұзындығы — 6,5 см.
Киізүйге арналған тұмар. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр басына жатады. Тігу үшін былғары мен жіп пайдаланылған. Үшбұрыш кесінділері ұзындығы — 6,3 см; 6,6 см; 8,5 см; тұмардың қалыңдығы — 0,3-0,6 см.
«Зұлым көзден», аурулардан және «зұлым рухтардан» қорғау үшін киіз үй босағасына қадалады.
Бұл — тұмарға арналған қорап. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр басында жасалған. Татар мен қазаққа тиесілі. Қазақ тұмардың, бойтұмардың қорабын көбіне күмістен, кейде алтыннан жасаған. Қорапшалар үшбұрыш, төртбұрыш кейде түтікше түрінде көлемі мен пішіні әртүрлі үлгіде жасалды.
Бұл қорап төмен сынамалы күмістен, көгілдір ақықтан жасалған, ішіне дұға жазылған қағаз салынады. Негізгі ұзындығы — 6 см, шашақ ұзындығы — 4,3 см, тұмардың биіктігі — 0,6 см.
Тұмардың осындай да қорабы болған. Бұл 875 сынамалы күмістен жасалған. Түтік ұзындығы — 9,5 см; алқалар ұзындығы — 6,0 см; шарлар диаметрі — 1,5 см.
Қорапшалар үшбұрыш, төртбұрыш кейде түтікше түрінде көлемі мен пішіні әртүрлі үлгіде жасалды. Оларды әшекейлеп, алтын, күміс жалатып, асыл тастармен көмкерген.
Тұмарға арналған қорап бөлігі. Ішіндегі қағазға дұға жазылған. Өзі металдан жасалған. 1936 жылға дейінгі уақытқа жатады. Ұзындығы — 19,5 см, диаметрі — 1,2 см.
Тағы оқыңыз:
Ескі сурет: Қазақ әйелдері 100 жыл бұрын таққан ерекше әшекейлер