Жинаған: Биркимбаев Лаикжан, Имамбаев Хасан

Бұл — бас киімге арналған аспа, XIX ғасыр соңына жатады. Тасы — ақық. Қазақ әшекей жасау үшін қымбат және бағасы ортадан жоғары тастарды жиі қолданған. Ал ақық аман-саулық пен қуаныш тасы саналыпты. Басқа да көшпелі халықтағыдай, қазақта да бұл тасқа қатысты түрлі аңыз бар: біз ақық көз өту мен аурудан қорғайды деп сеніппіз.

Фото: Collection.kunstkamera.ru ©Дудин Самуил Мартынович

Мұндай қысқаш гигиена заттарымен бірге орта және егде жастағы әйелдер мен ерлердің камзолына, оң жағына ілінген. Денедегі қажетсіз түкті жұлуға арналған. Әрі камзол әшекейі ретінде де қолданылған. Бұл — ақ түсті металдан жасалған қысқаш. Ұзындығы (сақинасын есептемегенде) — 5.2 сантиметр.

Жинаған: Щенников Клавдий

Бұл — Ақмола облысына жататын әшекей салатын сөмке. Матасы да, жібі де жібектен. Ұзындығы — 15.5 сантиметр, ені — 7.3 сантиметр. Қазақ әйелдері кезінде мұндай сөмкені жиі қолданған, ал қазір тек кәдесый ретінде тігіледі.

Жинаған: де-Лазари Константин Николаевич

Бұл — мұрын сырғасы, күмістен жасалған, қазіргі Алматы облысына тән. Ұзындығы — 3.6 сантиметр. Негізі мұрын сырғасы қазақ әйелдерінің дәстүрлі әшекейі емес. Дегенмен дереккөздерде кейбір қыз бен әйел мұрнына күміс сақина салғаны туралы айтылады. Бұл — олардың әкесінің сүйікті қызы екенінің белгісі (С. Броневский, «О киргизах Средней Орды». Издание второе. Астана 2007. С. 67-68).

Жинаған: Биркимбаев Лаикжан, Имамбаев Хасан

Сырға ілуге арналған аспа. Осының өзі безендірілген. Ұзындығы — 5.6 сантиметр, күмістен жасалған.

Жинаған: Щенников Клавдий

Бұл — бұрым әшекейіне жататын шашбау. Оны қыздар мен жас әйелдер таққан. Көбіне металмен (әсіресе, күміспен) безендірілген. Шашбаудың ұзындығы — 27 сантиметр. Жібі жібектен, матасы мақтадан.

Бұрымға арналған әшекей, татар мен қазаққа жиі кездеседі. Күміс тиынмен безендірілген, баршыннан жасалған. Ұзындығы — 75.5 сантиметр.

Жиаған: Стасевич Инга Владимировна

Бұл бұйымның екі қызметі болған: 1) камзолға арналған салпыншақ; 2) тіс шұқығыш. Ұзындығы — 10.4 сантиметр, металдан жасалған. Батыс Қазақстанға тән. Мұны гигиена заттары қатарында орта және егде жастағы әйелдер де, ерлер де камзолының оң жақ бетіне тағып алып жүрген.

Жинаған: Стасевич Инга Владимировна

Тіс шұқығыш пен құлақ шұқығыш, оған қоса камзол салпыншағы ретінде қолданылған. Тіс шұқығыш ұзындығы — 8.2 сантиметр, құлақ шұқығыш ұзындығы — 6.2 сантиметр. Ақтөбе облысына жатады, металдан жасалған.

Бұл — әйелдердің мойнына тағатын бұйым. Лентасы матадан тігілген, күміспен безендірілген. Үлкен диаметрі — 6 сантиметр, кішісі — 4.5 сантиметр, лентаның ені — 2.3 сантимтер.

Бұл — түйме. Үлкен шарға ұқсайтын мұндай түймелер ішік пен тон ілгегі ретінде ғана пайдаланылмаған, оған қоса тіл-көзден сақтайтын тұмар саналыпты. ХХ ғасырдың бірінші тоқсанында дәстүрлі киіммен бірге сәннен қалып, қолданылмай қалған.

Әйел білезігі. Қазақтар көрші халықтардан тұрмыс-тіршілік заттарын, әшекей мен киімді жиі алған. Мына білезіктерді татар шеберлері жасаған болуы мүмкін. Бірінші білезік күміс және көгілдір ақықпен безендірілген, екіншісінде маржан, ақық және күміс бар.

Бастапқы екі суреттегі әшекей бұйымдар Солтүстік-Шығыс Қазақстан облысына жатады, кейінгісі Семей өңіріне тиесілі.

Тағы оқыңыз: “Өзім дегенде, өгіз қара күшім бар”: қазақ тұрмысындағы өгіз ролі