«Токиода танымайтын адамдар соңынан жарты сағат жүрдім»
2019 жылы Токиодағы дзюдодан әлем чемпионатына журналист ретінде бардым. Жарыста 3-4 сағаттық үзіліс болады. Жапон мәдениеті қатты ұнайды, ақыры келген соң Токионы аралайын деп ойладым. Әуелі қала картасын қолыма алып, метроның қай станциясынан мініп, қайсынан түсетінін белгілеп аламын. Солайша, көргім келетін орынға адаспай барып-келіп жүрдім.
Қалада станция өте көп. Бір күні адасып кеттім. Жарысқа қайтатын уақытым жақындап келеді. 19.00-де залда болуым керек. Бұған дейін көшеде бір өте мейірімді әжелердің карта ұстап, адасқан адамдарға тегін жол көрсетіп тұратынын көргем. Бірақ бұл жолы ол кісілерді кезіктірмедім. Ал жөн сұрағандарым ағылшынша түсінбейді. Мен жапон тілін білмеймін.
Алдымнан қол ұстасқан жас жұп шықты. Тілім жеткенше қайда баруым керек екенін түсіндіріп жатырмын. Сосын олар маған телефонын берді, қарасам, гугл аудармашыны ашып қойыпты. Ағылшынша адасып қалғанымды, қайда баруым керек екенін жаздым. Олар жапоншаға аудырып алып, өздерінің соңынан еруін сұрады. Келісе кеттім. Жүріп келеміз, қас қарайып қалды.
Ұзақ жүріп кеткен сияқтымыз, «мені қайда алып бара жатсыңдар» деп сұрадым. «Жүре бер, жүре бер» дейді. Бір қарасам, олар ерінбей, менің метроға мінетін станцияма әкеліп тұр екен.
Шамамен, 30 минуттай жүрдік. Жапонияда уақыт өте қатты бағаланады. Мені танымайтын, осыдан кейін мүлдем жолықпайтын адамдардың станцияма жеткізіп, мінгізіп жібергеніне сондай риза болдым.
«Тбилисиде пойыздан түсіріп алып қала жаздады»
2018 жылы Әзербайжанға бардым. Грузия көршісі, Тбилисиге де соға кетейін дедім де, сапарымды сол кездегі Астана-Баку-Тбилиси-Астана деп белгіледім. Бакуде жүріп, вокзалдан Тбилисиге билет алдым. Түнде мінсем, таңертең жетеді екенмін. Хостелге бір түн төлегенше, пойызда ұйықтап, әрі қарай Грузияға жетіп алайын деп ойладым. Мен мінген вагонда жергілікті грузин немесе әзербайжан жоқ екенін. Көбі — шетелдік.
Түн ортасында Әзербайжан кеденінен Грузияға өтетін болдық. Пойызда бақылаушылар жолаушыларды тексеріп жатыр. Менен Тбилисиге не үшін бара жатқанымды сұрады. Саяхаттау мақсатында деймін. Қазақстанға Бакуден-ақ қайта бермей, не себепті Тбилисге соғып жатқанымды тағы бір сұрады. Солай тиімді болғанын, турист екенімді айттым. «Елге қайтар билетіңді көрсет» деді.
Кеден қызметкерлері орысша сөйлемейді, тек грузин тілінде тілдеседі, ағылшынша дұрыс түсінбейді. Елге қайтар билетімді шығарып алмаппын, бірақ электрон поштамда тұр. Ал ол жерде интернет жоқ. Кедендегілерден интернет қоса тұруын сұрап едім, келіспеді. Бір кезде маған: «Еліңе қайтар билетің жоқ, Грузияға не үшін бара жатқаның белгісіз, пойыздан түс», — деді. Дірілдеп кеттім. Жанымда бір армян ағай болды. Мені «Айкыз», «Кара кыз» деп атайды. Кеден қызметкерлерімен сөйлескен сайын «қобалжыма, билетіңді көрсете сал, қорықпа» деп отырды.
Билетімді сұрап тұрған адамдарға «бұл кішкентай қыз қалада не істей қояр дейсің, жібере салыңдар» деп қайта-қайта араша түсті. Болмаған соң вагон аралап, маған Wi-Fi тауып әкелді. Соның арқасында поштамнан билетімді жүктеп, кедендіктерге көрсеттім. Бірақ олар «түсесің де, түсесің» деп қоймады. Иттері сөмкемді иіскеп, жанымызда тұр. Қатты шошыдым. Жанымызда грузинше түсінетін бір қыз болды. Ол да менің жағдайымды түсіндіріп әлек. Әйтеуір бәрі жабылып, мені түсірмей алып қалды.
Әлгі адамдар кеткен соң дірілдеп, өзіме келе алмай отырдым. Армян ағай шәйға шақырып, «мә, Айкыз, шәй іш, сабаңа түс» деді. Бүкіл вагонды аралап, түрлі шоколад, қалта шәйлер жинап келіпті. Шамамен, әкеммен жасты кісі. Сол кісінің «Айкыз» дегені есімде қалып қойды.
Өзбекстанда таксиге мінгізіп жіберген қамқор кісі
Құрбыммен Шымкентке бардық. Күндіз достарымызбен жолықтық. Кешке отырдық да, Ташкентке барғымыз келіп жүргені есімізге түсіп, Өзбекстанға тартып кеттік. Кеденде теңгемізді сумға айырбастағанда бір сөмке болды. Кеденге дейін бір таксимен барған жігіт: «Қыздар, бірінші рет өтейін деп тұрсыңдар ма?», — деп сұрады. Солай екенін білген соң «Менімен бірге жүре беріңдер» деді. Барлық жерде бізді «қарындастарым» деп бірінші өткізіп жіберді. Өзбекстанға өткен соң таксиді дәл осы жерден ұстауға болмайтынын, қалаға өте қымбат алатынын айтты. 100 метрдей жердегі аялдамадан ұстаса, арзанырақ болады екен.
Түн болып кеткен. «Жүріңдер, сендерді сол жерге апарып тастайын» деп бізбен бірге жаяу еріп барды. Ол өзбекше, біз қазақша сөйлеп, түсіністік. Жолдан такси ұстап беріп, оның телефон нөмірін, бара жатқан хостеліміздің телефон нөмірін жазып алды. Одан жүргізушімен саудаласып, бізді тиімді ақыға мінгізді.
Сөйтсек, ол кісінің жолы басқа екен. Аялдамаға бізді таксиге мінгізіп жіберу үшін ғана барыпты. Көлікте жүргізушіге қайта-қайта қоңырау шалып біздің жеткен-жетпегенімізді сұрап отырды. Хостелге барсақ, оларға да қоңырау шалып, «сендерге Қазақстаннан екі адам бара жатыр» деп хабарласыпты. Қазақтардан көп жақсылық көргенін айтып қалып еді. Өмірімізде екінші рет көрмейтін адам ғой дейсің. Бізге қамқорлығына дән риза болдық.
Ташкентте ақша айырбастауға көмектескен адам
Бұқараға, Самарқанға барып, Ташкентке қайттық. Осы жақтан елге жол жүріп кетпекпіз. Қайтарда анау-мынау зат сатып алғымыз келді. Қалтамыздағы сум таусылып бара жатыр. Қалада біздегідей кез келген пунктіде ақша айырбастай бермейді. Тек банктерде, онда да 18.00-ге дейін айырбас жасауға болады.
Сонда да жол бойындағы ақша айырбастайтын жерлерді қарап шықтық. Бәрі жабық. Сол жерде ары-бері біраз жүріп қалсақ керек, бір кезде жанымызға құрылыста істейтін, жанында құрал-сайманы бар ағай келді. Не іздеп жүргенімізді сұрады. Сосын сумға айырбастайтын басқа бір пунктіге алып барды. «Бұлар алдайды, санап алыңдар» деп қояды.
Не де болса, ақшамызды айырбастап алдық. «Енді не істейсіңдер?» дейді. Ташкенттің самсасын жеуге баратынымызды айттық. «Жаңадан ашылған жақсы мейрамхана бар» деп бір жерге апарды. Өзінің үсті шаң-шаң, әлгі құралдарын көтеріп жүр. Мына жерде туысының пәтерін жөндеп жатқанын айтты. Терезеден біздің бір жерді айналып жүргенімізді байқап қалып, «не болды екен» деп сыртқа шығыпты. Үстелге жайғасқанымызда, «Сендер шәй іше беріңдер, үйіме барып киім ауыстырып келейін» деп кетті. Үйі жақын екен. Біраздан соң киімін ауыстырып келді де, әңгімесін айтты. Қызылордада жұмысшы болып істеген екен.
«Қазақтар адамға адам деп қарайды. Қара жұмысшы болып барып тұрсақ та, бізбен бір дастархан басында отырады. Бір көлікте жүреді. Қызылорданың желі сондай ызғарлы. Бізді жұмысқа көлікпен апарып тастайтын, қалың киім, көрпе беретін. Тамаққа жаритынбыз, ет асады, түрлі дәмді, тойымды тамақ пісіреді. Қызылордадағы қожайыным сондай болды. Қазақтарды көрсем, оларға көмектескім кеп тұрады», — деді.
Жұмыста әріптесім ылғи «адамдармен адамша араласу керек» дейді: «Адамның миссиясы — қайтарымын күтпей бір-біріне көмектесу». Бұған шет елдерге саяхаттап барғанымда көзім жетті.
(Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов)
* * *
Тағы оқыңыз: Сол бір адам: “Жақсылықты ұмытпағанымды білдіргім келді”