Метроның «Райымбек» станциясына түстім. Ол кезде жерасты жолында Wi-Fi жоқ. Интернетке қосылмаған телефонды шұқылаған да қызық емес. Осы уақытты пайдаланып, оқып жатқан кітабымның бір бөлімін аяқтай салайын дедім.

Кітапты сөмкемнен шығарып, бір топ метро қызметкерінің жанынан өттім. Көк форма киген ер адамдар бір-бір тілім торт ұстап алыпты. Жанында тұрған әйел қызметкердің қолында үлкен сөмке бар. Оның ішіне тағы торт салып алыпты. Көп торт. «Не үшін екен? Ә, 23 ақпан ғой. КСРО уағында әскерге барғандарға мереке. Соған орай ер қызметкерлерге торт сыйлап жүрген болар» деп ойладым.

— Бизнеске айналдырып, сатсаң да болады екен ғой, — деді азаматтардың бірі. Тортты айтып тұрған болуы керек. Оның сөзіне әріптес әйел жымиды да қойды.

Пойыз келді. Үлкен сөмке көтерген метро қызметкері де мінді. Бірінші есіктен кіре салғанда бұрышта оңаша бір орын бар. Соған отырып, кітабымды парақтадым. Бір кезде көзім жаңағы әйелге түсіп кетті. Үлкен сөмкесін жерге қойды, ашты да, екі тілім торт алып, есік алдында дайындалып тұрды. Тілімі үп-үлкен. «Жібек жолы» станциясына жеткенде екі метро қызметкері есік алдына жетіп келді. Бұл кісі әлгі екі тілім тортты ұсынды. Олар таңғалып:

— Торт па? Рақмет, рақмет, — деп мәз болды. Келіншек «шәй ішіңіздер» деді.

Соңғы бекет «Мәскеуге» дейін пойыз әр тоқтаған сайын осы көрініс қайталанды. Есік ашылады, метроның бір-екі қызметкері бірінші вагонның есігінен әріптесін күтіп алады. Бұл оларға торт береді, олар қуанып, таңданып, рақметін айтады. Асығыс әңгіме «шәй ішіңізбен» аяқталады. Есік жабылады. Келіншек сөмкесінен тағы бірнеше тілім алып, есік алдында дайындалып тұрады.

Оқимын деген кітабым жайына қалды. «Мәскеу» станциясынан түстік, баспалдаққа мінерде ығы-жығы халық арасынан әдейі әлгі қызметкермен қатар жүрдім.

— Тортты өзіңіз пісірдіңіз бе?

— Ау?

— Тортты өзіңіз пісірдіңіз бе?

— Ә, иә, — деп келіншек бір жымиып алды. — Операция жасатқанда ұжымым көп көмектесіп еді. Соған өзімше бүгін бұрынғы мерекеге орай, торт пісіріп әкелгем. Шәй ішсін.

Аты-жөні Гульфира Исрапулова екен. Алматыдағы метрополитен көлік қауіпсіздік кызметінің өткізу пунктінің кезекшісі болып істейді. 2020 жылдың қазанында жедел операция жасатыпты. Сол кезде осы метро қызметкерлерінен, ұжымынан жақсылық көріп, қолдау тапқанын айтады.

Гульфира Исрапулова. Фото жеке архивінен

Әріптестерімнің адамгершілігі мол. Көмек қолын созып, қал-жағдайымды сұрап тұрды. Ондай жақсылықты қайтару мүмкін емес шығар. Сауыққан соң көп ұзамай жұмысқа шығып кеттім. Әбден жұмыс істеп қалған адам болған соң үйде отыра алмайды екенсің. Сосын бүгін әріптестеріме аз да болса, торт пісіріп әкелейін дедім. Жақсылығын ұмытпағанымды білдіргім келді, — дейді ол.

Гульфира үйде балаларына арнап тортты жиі пісіреді екен. Әріптестеріне деп бір күн бұрын бес «Медовик» әзірлеген. Әрқайсын төртке бөліпті. Әр тілімді ұқыппен бір-бір қорапқа салып, үлкен сөмкеге сыйғызады.

Жұмыста ары-бері жүруге болмаған соң аға кезекшіден метроның соңынан басына дейін барып келуге рұқсат сұрадым. Ол рациямен әр станцияның бір қызметкері платформаға түссін деді. «Гульфира жұмыс бойынша бір құжат апара жатыр, күтіп алыңдар» деді. Ешкім мені торт әкеледі деп ойламады, — дейді метро қызметкері.

Жақсылықтың ұмытылмағанын осылай да білдіруге болады екен.

* * *

Тағы оқыңыз: Сол бір адам: “Жақсы адамдар амалы өмірге деген ызаңды басады”

(Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов)