Вице-министр: Препараттың қауіпсіз екенін көрсету үшін отандық вакцинаны салдырттық

Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Вице-министр Марат Шоранов хаттама бойынша медицина тексеруінен өтіп, дәрігердің қорытындысынан кейін екпе қабылдады. Ресейлік «Спутник V» вакцинасынан айырмашылығы, бір QazVac құтысы бір адамға арналған, — делінген хабарламада.

Марат Шоранов вакцинациядан кейін әріптестері Ажар Ғиният пен Ерлан Қиясов елімізде алғашқылардың бірі болып «Спутник V» екпесін қабылдағанын еске салды.

Бүгіннен бастап қазақстандық вакцина біздің азаматтар үшін қолжетімді. 50 мың дозадан тұратын бірінші партиясы өңірлерге жөнелтілді. Өздеріңіз білетіндей, бұрын менің әріптестерім АЖАР ҒИНИЯТ пен Ерлан Қиясов «Спутник V» вакцинасымен бірінші болып егілді. Бүгін біз, денсаулық сақтау министрі Алексей Владимировичпен бірге азаматтарға препараттың қауіпсіз екенін көрсету үшін отандық өндірістің вакцинасын алдық, — деп атап өтті Марат Шоранов.

Еске салайық, халықты жаппай вакцинациялауды қамтамасыз ету үшін Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасында коронавирусқа қарсы қазақстандық QazVac (QazCovid-in) вакцинасының алғашқы партиясы шығарылды.

23 сәуірде «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторының хабтарына 50 мың доза көлемінде отандық вакцинаның бірінші партиясын жеткізілді.

Оның ішінде 6 000 дозаны Нұр-сұлтан мен Алматы, 4 000 дозадан – Шымкент, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары алды, қалған өңірлерге екі мың дозадан жөнелтілді.