Ерлан Қиясов және Ажар Ғиният вакцинаның екінші дозасын салдырды

Екеуі де вакцинациядан кейінгі жағдайы жақсы екенін айтты.

Денсаулық сақтау вице-министрі — бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов және денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Нұр-Сұлтандағы №6 емханада коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасының екінші дозасын салдырды.

Жағдайымыз жақсы, ешқандай жанама әсерін көріп тұрғанымыз жоқ, — деді денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.

Бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов та жағдайы жақсы екенін айтты.

Ажар Ғиният, вакцина
Ажар Ғиният. Фото: Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі
Ерлан Қиясов, вакцина
Ерлан Қиясов. Фото: Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Денсаулық сақтау министрлігі санитария талабын сақтау мақсатында вакцина салатын медицина нысанына БАҚ өкілдерінің кіруіне шектеу қойды. 09.00-де  «Хабар 24»  телеарнасы  тікелей трансляция жасады.

Айта кетейік, Қазақстанда 1 ақпанда вакцинация басталды, бүгінге дейін 19 764 медицина қызметкері салдырды.

Бірінші кезеңде коронавирус ауруын жұқтыру қаупі жоғары топтар, яғни медицина қызметкерлері екпе салдырып жатыр. Ал наурыз айынан бастап педагогтар мен әскери қызметкерлерге вакцина егіледі.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, COVID-19-ға қарсы вакцина 2021 жылдың соңына дейін 6 миллион адамға салынады деп жоспарланып отыр.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз