Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцина шығарған 10 мемлекеттің қатарына кірді

Қазақстанның COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина шығарған 10 мемлекеттің және өз әзірлемелерін тіркеген бес елдің қатарына кірді. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Мамин мен денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, министрлер мемлекет басшысына еліміздегі эпидемиология ахуалы, халыққа вакцина салу барысы, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері жайында баяндады

Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа халыққа екпе егуге қатысты қабылданып жатқан шаралар жайында айтылды. Премьер-министрдің айтуынша, сәуірден бастап ай сайын 2 миллион адамға вакцина салу жоспарланып отыр.

Президентке отандық QazVac вакцинасының өңірлерге жеткізілуі жайында ақпарат берілді. Премьер-министр Қазақстанның COVID-19 індетіне қарсы вакцина шығарған он мемлекеттің және өз әзірлемелерін тіркеген бес елдің қатарына кіргенін айтты. Сонымен бірге ол 26 сәуірден бастап “Ashyq” қосымшасын барлық облыс кең көлемде қолданыла бастайтыныy айтты. Бұл “қызыл” және “сары” аймақ кезінде экономиканың әртүрлі секторының қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік бермек.

Мемлекет басшысына берілген ақпараттарға сәйкес, жұқпалы аурулар ауруханасындағы орындар 42%, жан сақтау бөлімдері 28% толық. Дәрі-дәрмектің, жеке қорғаныс құралдарының қажетті қоры жасақталған, ПТР-зертханалары күніне 123 мың адамға дейін қызмет көрсете алады. 25 мың төсек-орын қоры бар, барлық өңірде заманауи құралдармен жабдықталған жаңа жұқпалы аурулар ауруханалары жұмыс істеп жатыр.

Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа 29-30 сәуір күндері өтетін Еуразиялық парламентаралық кеңестің отырысына дайындық барысын баяндады. Сонымен бірге инвестиция тарту, халықты жұмыспен қамту мәселелері де қарастырылды.

Кездесу соңында президент Үкіметке отандық вакцина өндірісін арттыруды және оның халыққа қолжетімді болуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.