«Спутник V» немесе QazVac: қазақстандықтардың вакцина таңдау құқығы бар

Бұл туралы санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми- практикалық орталығы филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты.

Естеріңізде болса, біз «Спутник-V» вакцинасын алдымен қауіпті топтағы азаматтарға — медицина қызметкерлеріне, мұғалімдер мен полиция қызметкерлеріне салдық. Егер аталған топ арасында қазақстандық вакцинаны қалайтын болса, онда олар басымдыққа ие болады. Вакцинаның қолжетімділігін ескере отырып, тілек білдірушілер де егіледі. Қазақстандықтарда «Спутник-V» немесе QazVac вакцинасымен егуді таңдау құқығы бар, — деп түсіндірді Манар Смағұл.

Сонымен бірге қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева халықты осы препаратпен вакциналау үшін мамандарды қосымша даярлау жүргізіліп жатқанын айтты.

Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандық вакцина қандай медицина ұйымдарында қолжетімді болатынын қосымша хабарлайды.

Айта кетейік, кеше QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы «СҚ-Фармацияның» хабтарына жөнелтілді. Қазақстандықтар отандық вакцинаны 26 сәуірден бастап салдыра алатыны хабарланды.

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев QazVac вакцинасын әзірлеген ғалымдарға алғыс айтты.