Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалықтарға үндеу жасады

Қадірлі жерлестер! Бүгін облысымыз «қызыл» аймаққа енді. Бұл қуанатын жағдай емес. Пандемия басталғаннан бергі уақытта өңірде 4 890 жағдай тіркелген. Әлемді дүрліктірген індеттің беті қайтар түрі жоқ. Кейінгі уақытта вирус жұқтырғандардың саны тым көбейіп барады. «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» дейді дана халқымыз. Сақтық шараларына мән беруді ұмытсақ, қөзге көрінбейтін тажалдың кез келген сәтте қатер төндірері анық. Оны тек сақтану арқылы ғана жеңе аламыз, — деді облыс әкімі.

Өңір әкімі жергілікті мекемелердің, халыққа қызмет көрсету орындарының басшылары вирус тез тарайтын адамдар тығыз жиналатын орындарда, ғимараттарда халықтың көп жиналмауын реттегені жөн екенін айтты.

Денсаулық алдымен өзімізге керек. Сондықтан, әрбір адам өзіне ғана емес, отбасына, туған-туысына, айналасындағы адамдарға зиянын тигізбеуге тиіс. Той-томалақ, ас беру, басқа да көпшілік жиындарды жақсы күндерге қалдыра тұрайық. Денсаулығымыз бәрінен қымбат екенін ұмытпағанымыз жөн. Қарапайым қағидатты ескерейік: маска, антисептик және ара қашықтықты сақтау. Қауіпті індеттің ұзаққа созылмасы үшін осы қағидаттарды ескеріп, өз денсаулықтарыңызға асқан жауапкершілікпен қарап, карантин талабына бағынуға шақырамын, — делінген облыс әкімінің үндеуінде.

Еске салсақ, бүгін Қызылорда облысы коронавирус бойынша «қызыл» аймаққа өтті. Өңірде кейінгі тәулікте 47 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды.