Басты бетҚоғамНұр-Сұлтандағы кинотеатрлардың...

Нұр-Сұлтандағы кинотеатрлардың апта бойы жұмыс істеуіне рұқсат берілді

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы аптада Asia Park сауда және ойын-сауық орталығындағы «Арман» кинотеатры, «Аружан» сауда және ойын-сауық орталығындағы ARU Cinema кинотеатры, «Сарыарқа», «Керуен» және Keruen City сауда және ойын-сауық орталықтарындағы Kinopark кинотеарлар желісі, TALAN GALLERY нысанындағы KERUEN CINEMA кинотеатры ашылды. Сонымен бірге Movie Room жұмысын жандандырды.

Өткен аптада жобаға Chaplin кинотетарлар желісі қосылды.

Кинотеатрлар қажетті тіркеу және нұсқаудан өтіп, QR-код алды. Енді санитар дәрігер жазған қауіпсіздік шараларын сақтап, апта бойы жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Міндетті талаптар қатарында келушілерді әр екі орындық сайын шахмат тәртібінде отырғызу бар, толтырылуы 30%-тен аспауға тиіс. Сонымен қатар маска тағу – келушілер мен персоналға қойылған міндетті талап. Нысандар ішінде санитарлық өңдеу жүргізіліп отыруы керек, – деді Нұр-Сұлтан кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қуанышбек Мұқаш.

«Арман» кинотеатрының өкілі Камила Башпанованың сөзінше, жобаны қолдануда біраз сұрақ туған. Алайда кинотеатр қызметкерлері көмегімен келушілер қосымша талаптарын тез игеріп жатыр.

Әкімшілеріміз қонақтарға қолданбаны жүктеуге көмектесіп, оған қалай тіркеліп, қолдану қажет екенін түсіндіріп жатыр. Кинотеатр ішінде қолдануға қатысты нұсқамалар ілінген. Азаматтар жаңашылдыққа тез бейімделіп, сақтық шараларын қолдануға дайын, – деді ол.

Еске салайық, Нұр-Сұлтанда Ashyq жобасы сынақ режимінде 2021 жылдың 17 қаңтарында іске қосылды. 2021 жылдың 26 ақпанында бас санитар дәрігердің №7 «Ashyq мобайл қолданбасын Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағандыдағы кәсіпкерлік нысандарына енгізу бойынша пилоттық іс-шара өткізу туралы» қаулысы қабылданды.

Осы қаулы шеңберінде Ashyq пилоттық жобасы фитнес-клубтар, спа-орталықтар, сауналар, бассейндер, компьютер клубтары және боулинг орталықтарында іске асырыла бастады. Осылайша, 2020 жылдың наурызынан бастап тоқтап қалған компьютер клубтар мен бойлинг орталықтары жұмыс істеуге мүмкіндік алды.