Әскери қайраткер Ким Серікбаев қайтыс болды

Қаралы хабарды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі естіртті.

2021 жылдың 19 сәуірінде Қарулы күштер ардагері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор, әскери ғылымдардың докторы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Әскери ғылымдар академияларының толық мүшесі, отставкадағы полковник Ким Серікбайұлы Серікбаев дүниеден өтті. Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен Қарулы күштердің жеке құрамы марқұмның жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтады, — делінген жазбада.

Ким Серікбаев 1934 жылы 14 қаңтарда Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Көптоғай ауылында дүниеге келген.

1952-1956 жылдары қазіргі әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін, Уфа әскери училищесінде оқыған. 1970 жылы Мәскеудегі әскери академияны бітірген.

Ол Кеңес Одағы Қарулы күштері қатарында взвод командирі жауынгерлік қызметінен бастап полк командиріне дейін көтерілген. Ол – Фрунзе атындағы академияны тәмамдаған алғашқы қазақ. Қазақстанның тұңғыш әскери доктринасын жазып, 1991 жылы Алматыдағы әскери мектеп-интернатына Бауыржан Момышұлының есімін беруге үлес қосты.

Ресей Федерациясы әскери ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ким Серікбаевты Қазақстанда ғана емес, ТМД-ға мүше елдерде де жақсы таниды. Ол 180 кітап мен ғылыми жұмыс жазған.

Baribar.kz редакциясы марқұмның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.