Гүлшат Тутова, актриса:

Фото жеке архивінен

«Сен Ғазизадай болма, сен Гүлшат бол» дейтін

Ғазиза апай сондай сенгіш, шынайы кісі еді. Жанашыр болатын. Шамамен, 27 жастамын. Үлкен кісі болған соң, ақшасы бар шығар деп қарыз сұрадым. Ертең қайтарамын дедім. Апайым берді. Бір айналып келіп, «Гүлшат, 20 теңге берші, үйге жетіп алайыншы» деп тұр. Сөйтсем, қолындағы бар ақшасын тиынына дейін маған бере салған екен. Осыдан кейін бұл кісінің адал адам екенін түсініп, жанынан шықпай жүретін болдым. Бір қойылымды екі құрам артистері ойнайды. Бірінші құрамда Ғазиза апай ойнаған ролді екіншісінде мен ойнаймын. Ол кісінің екі ұлы бар, қызы жоқ. Мені қызындай көріп, үйіне апарып, тамақ жасап беретін, киімдерін сыйлайтын. Қазір сол киімдерін ақтарып, жылап отырмын.

Жасым 30-дың айналасында. Қойылымға дайындық кезінде «Ғазиза апай сияқты болам, Ғазизаның екіншісімін» дей беріппін. Оны естіген апай шетке шақырып алды да, «Гүлшат, айналайын, сен Ғазиза бола алмайсың, сен Гүлшат бол. Маған еліктеме. Тегінде, актриса деген мен сияқты жалпимайды. Гурченко (Людмила Гурченко, актриса — ред.) сияқты белің қылдай боп жүруің керек. Сен қыз маған еліктемей, өзіңді тап», — деді. Ойланып қарасам, мен Ғазиза апай сияқты ойнайды екем, сол кісідей ойланам, сөйлеймін. Осы ақылдан соң Гүлшат бола бастадым.

Соңғы бірге ойнаған спектакль «Барымен базар» болды. Сахна образы үшін Ғазиза апайға өзінің киімдерін әкелуді тапсырдым. «Анау бір шәпкіңіз бар еді ғой, соны маған әкеп бересің. Мынадай дамбалың бар ма, сенен көргем, соны да қалдырма» деп міндетсінем. О кісі «а, болды, болды» деп айтқанымды істейді. Ертеңіне бір пакет киімін көтеріп келіпті. Әрқайсын өлшеп, сахна образын шығарып алдық. «Айналайын, сені туған анаңнан» деймін, рахметімді айтып.

Спектакльден бірге шықсақ, көлігіммен үйіне дейін апарып тастаймын. Көліктен түсіп бара жатып ылғи «айналайын, ана князіңмен бақытты бол» деп бата береді. Біздің Нұржанды (жолдасы Нұржан Тутов — ред.) интеллектуал жігіт, князь дейтін. Күйеу балаңызға ренжіп қалдым десем, «ойбу, графқа ренжуге болмайды» деп ақтап алатын.

Жылап қалсам, жұбататын. Күле берсем, «әй, көп тырқылдай берме» дейді. Соңғы сөйлескенімде «қантым көтеріліп кетіпті, ауруханаға түсіп қалдым, маған мынадай заттар әкеп берші» деп хабарласты. Бірақ ол кезде астанада түсірілімде жүрдім. «Алматыға бара сала қазы-қарта асып, апарамын» деп уәде еттім. Қалаға оралған түні қоңырау шалып, өткендегі заттарын күні ертең жеткізетінімді айтқам. Ертеңіне таңертең телефоны өшіп тұрды. Балаларына хабарласып, апайдың реанимацияға түсіп қалғанын білдім. Сөйткен Ғазиза апайымыз да дүниеден өтті-ау.

Бекжан Тұрыс, актер:

Фото жеке архивінен

«Көзіңдегіні айтқызбай-ақ ұғатын керемет актриса еді»

Күліп отырып бір демде жылай салатын, қуанып жүріп өкпелей алатын сәби мінез жан еді ғой. Ғазиза апаймен көп рет партнер болдық. Көзіңдегіні айтқызбай-ақ ұғатын керемет актриса еді. Қазақ даласы талантқа жарыған ғой, бірақ Ғазиза апаның орны ерекше. Бір роль бар, кез келген актер ойнайды. Ал бір образ болады, артистің артисі болмаса, алып шыға алмайды. «Түрт сайтаным, түрт» деген қойылымда бірінші рет бірге ойнадық. Сонда Ғазиза апа Шығайбайдың әйелін, мен Алдаркөсенің ролін сомдаймын. Жынына тисем, дөп еткізіп иығыма шығарып, көтеріп алатын еді.

Жақынымыздан айырылғандай қиналып тұрмыз. Гастрольге шыққанда ылғи қалжыңдап жүретін. Ешкімге ұқсамайтын аңқылдаған жан еді. Ауруханада жатқанда хабарласқан едім. «Жай, қант қой сол. Әйтпесе, бәрі жақсы, уайымдама» деген. Мына індет те қабырғамызға қос қабат болып тұр ғой. Жақынымыздың жаназасына бара алмай отырмыз.

Әйтпесе Сабира апа сияқты актрисалардың орнын басып келе жатқан артист еді. Театрдың жүрісінен жаңылмаған жорғасы десек те болады.

Театр барда, өнер барда Ғазиза апай да бар.

Зәуре Көпжасарова, актриса:

Фото жеке архивінен

«Жас артистерге бір-біріңе көп жақындай бермеңдер» дейтін

Ғазиза апай — қазақылықты қатты ұстанған кісі. Ер адамның алдын кесіп өтпеу, азаматтың бетіне келмеу, қызға қырық үйден тыйым дегенді  ұстанатын.

Жас актер, актрисаларға былай дейтін: «Бір-біріңе көп жақындай бермеңдер, қолдарыңнан ұстамаңдар. Денелерің бір-біріңе үйреніп кетсе, сахнада сезімді бере алмайсыңдар. Қыздар, өздеріңді сақтай біліңдер, ер адамға қол жеткіздірмей, өздеріңді жоғары ұстаңдар. Сонда сахнада ер адам да сенімен бірге шынайы ойнай алады. Ол қолыңнан ұстағанда, сен де шынымен ұяла аласың«.

Жаныма сондай жақын кісі еді. Театрда көрінбей кетсем, «Әй, сен қыз, қайдасың? Отбасы дей берме, отбасы деген жақсы, бірақ өнеріңді де төмендетіп алма» деп хабарласатын. Болат Атабаев «Қаракөз» спектаклін қойған кезде Есмұқан Обаев аға театр басшысы болды. Ғазиза апай маған келіп, «Қаракөзді ойнауың керек» деді. Мен «бұйырған адамға берілер» дедім де қойдым. «Жоқ, сен бар да Қаракөзді маған беріңдер деп айт» деп қоймайды. Мен өйтпедім. Ғазиза апайдың біреуге жағымпазданатын қасиеті жоқ. Әлгі жерде кішкентай ғана актрисамын, бірақ мен үшін үлкен басын кішірейтіп Қаракөз ролін маған берсін деп Есмұхан ағаға кірген екен.

Роль басқа қыздарға бұйырды. Сол қойылымды қалай аяқтаудың шешімін таппай, режиссер қиналды. Сосын қойылымның нүктесі ретінде маған «Қарақаншық» әнін айтқызды. Кейін Атабаев маған рольге неге сұранбадың деді. Сонда Ғазиза апай «айттым ғой» деп Есмұхан ағаға тағы кіріпті. Қайтпайтын кісі болатын.

Аңғал адам ғой. Спектакльде ойнап болған соң, үйіне бет алады. Киімін ауыстырып, кең шалбар мен кофтасын киіп, автобусқа мінеді. Автобустағының бәрі Ғазиза апайға қарай береді дейді. Апай «мыналар мені танып отыр ғой» деп ішінен мәз болады. Құдағиы таққан бриллиант жүзігі бар қолын көрінетіндей етіп қойып, бос орынға жайғасады. «Е, бұлар менің жүзігіме қарап отыр екен» дейді. Автобустан түсіп бара жатса да бәрі апайдан көз алмайды. Үйге келіп, аяқ киімін шешуге ыңғайланады. Кіреберісте айна бар, соған көзі түсіп кетсе, қойылымда киген «подъюбникті» шешпепті. Сонда апай: «Елдің бәрі маған «мынауың жынды, ей» деп қараған екен ғой. Сақинамды былай да, олай да қойып әуре болып жүрсем», — деп күліпті.

Маған «Шаршадым, мына жұмыс бәле болды» деп ешқашан айтпау керек» дейтін. Апай 5-10 жыл бұрын театрдағы барлық қойылымды ұстап тұрды. Бір жиналыста қойылым кестесін қараса, барлығында есімі жазылып тұр екен. «Мына апта мүлдем бос емес екенмін. Шаршап кеттім ғой» деп жай айта салғаны бар. Ертеңіне кешкісін театрда қойылым жүріп жатады.

Ғазиза апай сахнаға 15 минуттан соң шығуы керек. Сол кезде режиссердың көмекшілері бұл кісіні аласұрып іздейді. Грим бөлмесі жабық тұр. Қоңырау шалса, Ғазиза апам спектаклі барын ұмытып кеткен, үйінде жатыр. Таксилетіп, театрға 10 минутта жетіп барады. Сахнаға шыққанша әріптестері үйтіп-бүйтіп көрерменді ұстап тұрады. Әйтеуір, роліне үлгереді. Сонда апай «асылық сөйлегенім сол еді, Құдай қойылымым барын санамнан шығарып тастады, сен өйтпе» дейтін.

Ол кезде театр қатал. Ролге шықпай қойсаң, заң арқылы жұмыстан шығарып жіберетін. Белгілі бір уақытқа дейін театрға жұмысқа тұра алмайтынсың. Содан кейін: «Сахнаға өтірік шыққанша, шықпай-ақ қойыңдар. Репетицияға о баста жаныңды салып қатыспадың ба, шын қойылымда да сол өтірікпен кетесің», — дейтін.

Ғалым Оспанов, актер:

Фото жеке архивінен

Мен «братан» деймін, ол кісі «брәтішке» деп атайды

Бұл театр өнері, кино саласы үшін орны толмас қаза болды. Ғазиза апайдың отбасымен сырқаттанып жатқаны туралы естіген едік. Өлшеп берген өмір шығар деп өзімізді жұбатып отырмыз.

2013 жылы Әуезов театрына, қара шаңыраққа кірдім. Ғазиза апай Сыр елінің тумасы екенімді білгенде «інім екенсің» деп жақын тартты. Ғазиза апайды «апа, апай» деп көп айтпайтынмын. «Братан» деймін, ол кісі де қалжыңбас, маған «брәтішке» дейді.

Апай қашан көрсең де, жадырап жүретін. Сахнада болсын, фильмде болсын, тіпті «читка» мен репетицияда да роль сомдап жатқанда бойында бір грамм жасандылық байқалмайтын. Ұлы үйленгенде Елжан деген жігітпен тойды өткерген едік. Алғыс ретінде үйіне шақырып, шәй берді, қолымызға ақша ұстатты. «Ойбай, братан, керек емес» десем де, «сендердің еңбегің» деп болмап еді.

Игорь Вовнянканың «Актерды өлтірген кім?» деген пьесасы бар. Асанәлі Әшімов ағамыз соны 2015 жылы қойып, Ғазиза апаймен бірге ойнадық. Апай «куәгер Дәулетқалиеваның» ролінде. Мен адвокатпын. Айзада Сатыбалдиева апайымыз — прокурор ханым. Сонда прокурордан «қәне, куәгеріңіз қайда?» деп қайта-қайта  сұрайтыным бар. Ол кісі де «қазір келедіден» қайтпайды. Сөйтсек, Ғазиза апай сахнаға шығатынын ұмытып кетіпті. Куәгердің келетін түрі жоқ. Бір кезде сахнаның артынан жүгіріп шықты. Ойпырмай, білдіртпейді ғой, шіркін! Солай болуы керек сияқты ойнап берді. «Нағыз актрисасыз ғой» дедім.

Маған «актерлығыңды білмеймін, бірақ би мен пародияны өлтіресің» дейтін. «Әй, брәтішке, мынадай би биле, темпераментіңе келеді» деп қояды. Атымды ешқашан айтқан емес. Апайға 8 наурызға құтты болсын айтыппын. Соңғы сөйлескенім сол екен.

Ғазиза апамды қимаймыз. Негізі, ойнайтын ролдері әлі алда еді. Ол кісіні ешқашан ұмытпаймыз.

(Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов)