Актриса Ғазиза Әбдінәбиева қайтыс болды

Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық драма театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ғазиза Әбдінабиева қайтыс болды. Қаралы хабарды Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының директоры Асхат Маемиров естіртті.

ҒАЗИЗА АПА…. Апа-оу егілттіңіз ғой, жылаттыңыз ғой дүйім елді… Ұлт руханиятының аспаны қара жамылды. Қазақ театры мен кино өнерінің мақтанышына айналған Ғазиза Әбдінәбиева дүниеден өтті. Аты жаман тажал ауру ешкімді аямады. Жарты ғасыр бойы қазақ театрының төрінде шынайылығымен, табиғи талантымен көрерменін тамсандырған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Ғазиза Әбдінәбиева – жаны мен жүрегі мейірімге толы, адалдықты ту еткен болмысы бөлек жан еді…. Сахна кеңістігінде Мөржандай асыл аналардың, Ару қыздардың бейнесін сомдаған аса талантты актриса, аяулы жан дүниеден өтті. Көкіректі кернейтін өкініш… Ғазиза Апа, асыл апам-ай…, — деп жазды Асхат Маемиров.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от ASKHAT MAYEMIROV (@askhatmaemirov)

Ғазиза Әбдінәбиева 1948 жылы 3 қаңтарда Қызылорда облысы Сырдария ауданы Торғатай ауылында туған.

1970 жылы Қазақ ұлттық консерваториясынның (бұрынғы Алматы консерваториясы) «актерлік шеберлік» факультетін бітірген. Консерваторияның 4 курсында оқып жүріп, 1969 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына қабылданады. 1969-1993 жылдары осы театрда аянбай еңбек етеді. 1993 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына актерлік бөліміне ауысады.

1994 жылдан бастап Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында «актерлік шеберлік» мамандығынан дәріс оқиды.

Ғазиза Әбдінәбиева «Қауын» (1982), «Сіз кімсіз, Ка мырза?» (2009), «Біржан сал» (2009), «Айналайын» (2011), «Кемпір» (2014) және тағы басқа фильмдерде ойнаған.

Сонымен бірге актриса 1996-2000 жылдары көрсетілген «Тоғысқан тағдырлар» сериалында Розаның ролінде ойнаған.

Ғазиза Әбдінәбиева мәдениет саласындағы мемлекеттік степендияның иегері. 1992 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атағын алды. 2006 жылы «Құрмет» орденімен, 2016 жылы «Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен марапатталған.

Baribar.kz редакциясы марқұмның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.