Министрлік шешімі
2020 жылдың күзінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда қатты қалдықтарды өртеу арқылы энергия өндіретін зауыт салынатынын айтқан еді. Әзірше пилот режимде зауыттар еліміздің алты аймағында – Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Тараз, Атырау және Ақтөбе қаласында салынады деп жоспарланып отыр. Министр жоба сәтті жүзеге асса, бұл қатарға тағы бірнеше қала қосылатынын айтты.
«Бүгінде әкімдіктермен бірлесіп, жер учаскелері, инфрақұрылым және зауыттардың қалдықтармен кепілді жүктелуі мәселесін пысықтап жатырмыз», — деді Мағзұм Мырзағалиев үкімет отырысында.
Министр қалдықтарды өңдеу деңгейін арттыру үшін заңнама тұрғысынан Waste to energy технологиясы енгізілетінін мәлімдеді. Бұл технология бойынша қоқысты өртеу арқылы электр энергиясы өндіріледі. Содан кейін сол энергия жалпы электр желісіне сатылады.
Осындай технологияның арқасында Қазақстан 2025 жылға қарай қоқысты қайта өңдеу деңгейін 30%-ке, яғни еуропалық деңгейге жеткіземіз деп отыр. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жылына 5 миллион тонна қатты қалдық шығады және соның 15%-і ғана өңделеді.
Экобелсенділер қоқыс өртейтін зауытқа неге қарсы?
Бір апта бұрын Қазақстанның экологтары мен экобелсенділері қоқыс өртейтін зауыттардың салынуына қарсы шығып, петицияға қол қоя бастады. Олар әлеуметтік желінің бірінде арнайы видео жариялап, қоқысты өртеудің зиян тұстарын атады. Экобелсенділердің айтуынша елімізде тұрмыс қалдығын сұрыптау жүйесі қалыптаспай тұрған кезде қалдықтарды жағатын болсақ, бұл қоқысты қайта өңдеу ісінің дамымай қалуына әкеп соғады.
Қоқысты өртейтін зауыттың Жылу электр станциясынан айтарлықтай айырмасы жоқ. Мұнда тек көмір мен газдың орнына қарапайым тұрмыс қалдығын қолданады. Биліктегілер бізге мұндай зауытта сатылы тазалау жүйесі қарастырылғанын және айналаға тек таза түтін шығатынын айтып, уәде беріп отыр. Бірақ теория үнемі шындыққа жанаса бермейтінін ұмытпауымыз керек. «Теория тұрғысынан қауіпсіз» жоба іс жүзінде ауаны диоксин, фуран және тағы басқа ауыр металдармен ластайды, — дейді экологтар.
Ал министрліктің мәліметінше, Еуропада мұндай зауыттардағы қалдықтардың көрсеткіші төмен. Мысалы, Венада «Шпиттелау» қоқыс өртеу зауытынан жылына ауаға 1 грамм ғана диоксин қалдығы шығады.
Қоқысты өртеу несімен қауіпті?
Экобелсенділер зауыттар тиісті технологияға сай салынған күнде де, басқа проблемаға кезігетінімізді ескертіп отыр:
- Біріншіден, өркениетті адамзат барлық материал қайта өңделіп, пайдаланылатын тұйық циклды экономикаға бет бұрып отыр. Мұндай қағида бойынша ресурстарды өндіру минимумға дейін қысқарып, барлық материал тұйық циклде қайта өңделеді. Ал қоқысты өртеу осы қағиданы бұзумен тең.
- Екіншіден, біз жел, күн, өзендер мен толқын секілді жаңаратын энергия көзі туралы жиі айтамыз. Ал қоқыс – жаңармайтын энергия көзі. Себебі оның жанғыш бөлігі, яғни фракциясы (оған қағаз бен пластик кіреді) мұнай, газ және ағаштан жасалған. Сол қоқысты өртеу арқылы энергия қуатын алу пешті мұнаймен жаққанмен бірдей.
- Үшіншіден, энергияны көп қажет ететін фракциялар – қағаз бен пластик. Бұлар жақсы жанады әрі электр қуатын өндіру үшін қоқысты өртеуді тиімді етеді. Бірақ бұл екеуін алдын-ала іріктеп алып, қайта өңдеуге жіберуге болады.
Міне, барлық мәселе осында жатыр. Қоқысты өртейтін зауыттар ашылса, олар қайта өңдеумен бәсекеге түседі де, жақын уақытта халықты ресурстарсыз қалдырады. Дәл қазіргідей еш ойланбастан өндіруді және тұтынуды жалғастыра берсек, онда ресурстың бәрін қоқысқа айналдырып, оны өртей береміз. Сонда біз болашақ ұрпаққа не қалдырамыз? — дейді эколог Вероника Дашкова.
- Төртіншіден, қоқыс өртеу зауыттарын салу өте қымбат. Құрылысқа 180 миллиард теңге қажет. Ал мұндай қаражатқа сұрыптау жүйесі бар, қоқыс өңдейтін ультразаманауи зауыттар салуға да болады.
Айтпақшы, зауыт инвестициясы мен оның қызмет етуіне кететін қаржыны кейін өтеу керек болады. Сонымен қатар зауытты шамамен 10 жыл уақыт алдын-ала қоқыспен қамтамасыз ету қажет. Соның салдарынан электр қуатын жеткізушілер тарифтерді көтеруге мәжбүр болады. Бұл халықтың қалтасына, елдің экономикасына айтарлықтай әсер етеді.
- Бесіншіден, қоқысты өртеу полигондардан құтқармайды. Өйткені қоқысты өртегенде улы шлак бөлініп, қаупі бойынша үшінші кластық күл пайда болады. Ал сол күлді жинау үшін жаңа полигон немесе қауіпті қалдыққа арналған қоймалар керек болады.
Қоқысты өртеу – қалдықтарды пайдаланудың ең қымбат әрі экология жағынан тиімсіз технологиясы. Еуропа елдері мұндай зауыттарды жауып тастаған. Олар бұл технологияны ескірген деп есептейді. Қуанышқа орай, қоқыс мәселесін шешудің жолы бар және ол қиын емес. Ұсынылып отырған іс-қимыл алгоритмін Біріккен ұлттар ұйымы әзірлеген және қазір дамыған елдерде қолданыста, — дейді экологтар бірауыздан.
Экобелсенділер осы мәселеге қатысты Otinish.kz сайтында петиция жариялап, экология мәселесіне бейжай қарамайтындарды қол қоюға шақырды. Олар Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне мынадай талап қойып отыр:
1. Қоқыс өртеу зауытын салу жобасын тоқтату;
2. Орхусс конвенциясына сай, елде кез келген заң, шешім қабылдауда оған қоғамның қатысуын және халыққа дұрыс ақпарат жетуін қамтамасыз ету;
3. Отын ретінде мұнай мен газ сияқты жаңартылмайтын ресурстардан пайда болатын қалдықтар қолданылады. Сондықтан мұндай қалдықтан алынатын ресурсты қалпына келмейтін энергия деп тану;
4. Қалдықтарды басқаруда иерархия қағидасын қатаң сақтау.
Бүгінде петицияға 857 адам қол қойған. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ресми жауап берген жоқ.
Дамыған елдер тұрмыс қалдығын неге пайдаланады?
Данияда өңдеуге болатын шикізаттың бәрі қайта қолданылады. Сонымен қатар жергілікті компаниялар кез келген зауыттан зиян зат бөлінбеуін қадағалап отырады. Елде қоқыс өртейтін 30 зауыт бар.
Финляндияда тұрмыс қалдығының 99%-і қайта пайдаланылады. Қоқыстың 41%-ін қайта өңдесе, 58%-ін электр қуаты мен жылуға қолданады. Финляндияда қоқыс өртейтін 10 зауыт бар. Оның өзі қайта өңделмейтін қоқысты ғана өртейді.
Германияда қалдықтың 53%-і қайта өңделеді. Қоқысты сұрыптамаған жергілікті азаматқа айыппұл салынады. Ал шетел азаматын қоқысты сұрыптап, өткізбегені үшін визасынан айыруы мүмкін. Германияда 68 қоқысты өртейтін қондырғы бар.
Австриядағы Шпиттелау қоқыс зауыты дүниежүзіне танымал. Ол Венаға жақын орналасқанымен айналасы үнемі таза және жағымды иіс шығып тұрады. Тіпті зауыт маңында концерттер де ұйымдастырылады. Қоқысты өртеу арқылы Вена билігі 30 мыңға жуық пәтерді жылытады.