Ақтоты Райымқұлова Ғазиза Əбдінəбиеваның отбасына көңіл айтты

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова көңіл айту хатында актриса Ғазиза Əбдінəбиеваның ұзақ жылдан бері театр жəне кино саласында тартымды образдарымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленгенін жазды.

Бұл туралы ведомство басшысы Ақтоты Райымқұлова Instagram-парақшасында жазды.

Мәдениет және спорт министрлігі атынан ведомство басшысы Ақтоты Райымқұлова актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, “Құрмет”, “Парасат” орденінің иегері Ғазиза Əбдінəбиеваның қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының көңіл айтты.

Пейілі дархан Ғазиза апамыз саналы ғұмырын бекзат өнерге арнап, мағыналы тірлік кешті. Ұзақ жылдан бері театр жəне кино саласында талай тартымды образдарымен талғампаз көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ғазиза Мəкешқызы түскен “Тоғысқан тағдырлар”, “Саранша” сериалы мен “Қауын”, “Біржан сал”, “Айналайын” жəне тағы басқа фильмдер қазақ кинематографиясының алтын қорынан ойып тұрып орын алды. Жайдары мінезді, ортасына сыйлы болған өнер майталманының асыл бейнесі қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады. Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, – делінген көңіл айту хатында.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Ақтоты Райымқұлова (@aktotyraiymkulova)

Еске салайық, кеше театр және кино актрисасы Ғазиза Әбдінәбиева 73 жасында қайтыс болды.