Жер комиссиясының кезекті отырысында қандай шешім қабылданды?

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Отырыс барысында Комиссия мүшелері жер қатынастарын реформалауға қатысты мәселелер мен ұсыныстарды тыңдады. Бұл сұрақтар бұдан бұрын жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері мен аграрлық-өнеркәсіптік кешені саласының мамандарының қатысуымен жұмыс топтарында қаралған болатын, — делінген хабарламада.

Комиссия мүшелері ашық дауыс беру барысында бірнеше тармақты қолдады.

Осылайша, жұмыс топтарында қарау қорытындысы бойынша жер реформасы жөніндегі Комиссия Үкіметке төмендегідей ұсыныс беретін болды:

  • жер заңнамасына жалға алу құқығын жаңа мерзімге ұзарту басымдығымен 49 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын сақтау бөлігіне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
  • қазақстандықтардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекеттен сатып алмай жалдау құқығын иеліктен шығару нормасын сақтау жөніндегі заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізу;
  • жайылымдардың жетіспеушілігі мәселелерін шешу үшін елді мекендердің айналасындағы жайылымдық жерлердің тапшылығына талдау жүргізу;
  • мемлекеттік органдардың шешімдері бойынша әкімшілік шекаралар өзгерген жағдайда жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелеріне сәйкестендіру құжаттарын бюджет қаржысы есебінен дайындау (республикалық бюджетті) қажеттігі туралы норманы заңнамалық тұрғыдан бекіту.

Жер реформасы жөніндегі комиссия дауыс беру арқылы бірнеше ұсынысты қараудан алып тастау туралы шешім қабылдады, өйткені бұл мәселелер қолданыстағы заңнамада бар.

Оның ішінде ауыл шаруашылық жерлерін субарендаға беруге тыйым салу және латифундистердің пайда болуына жол бермеу үшін аффилиирленген тұлғаларға ауыл шаруашылық жерлерін беруге тыйым салу туралы ұсыныстар қараудан алынып тасталды.

Ералы Тоғжанов
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс тобына қатыса бермейтін көпшілікке осы күнге дейін қанша мәселе қаралғанын айтты.

Комиссияның өткен үш отырысында бір емес, үш емес, 91 сұрақ қаралды. Тек бүгін ғана 4 сұрақты қарап отырмыз. 16 мәселе бойынша нақты шешім қабылданды, заңнамалық қызмет аясында Парламенттің қарауына 28 ұсыныс дайындалып жатыр, 47 сұрақ Үкіметтің шешімін қабылдауға жіберілді, тағы 18 мәселені жұмыс топтарындағы күн тәртібінен алып тастадық. Комиссияның әр отырысында біз нақты шешімдер қабылдадық, — деді премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.