Аян Бейбіт, 4-курс студенті:

“Тарихқа салқынқанды қарау керек”

Фото жеке архивінен

Желтоқсан оқиғасы жастарды иллюзиялық өмірден алып шыққан наразылық сияқты. Сол кездегі видеожазбаларға қарасам, жастар билікке, Кеңес заманы насихатына шынымен сеніпті. Өздерін естиді деп ойлаған болуы керек. Ал оларды басып-жаншығанда, бұл иллюзияның быт-шыты шықты.

Алаңға шықпағандардың көбі тәуелсіздік сұрамағаны анық. Олар Қазақстанды жақсы білетін, осында өскен басшы сұраған еді. Дегенмен нақты ақпараттар әліге дейін жасырылатындай көрінеді. Ол күндегі хронологиялық ақпаратты ешкім Алматыдан көшіріп алып кетпеген шығар. Биліктің осы күнге дейін сол оқиғаны зерттеуге құлықсыздығы ашындырады.

Бұл оқиға датасы Тәуелсіздік күнімен сәйкес келгеннен болар, мектепте осы наразылық арқасында егемендік алдық деп оқитынбыз. Оның үстіне, алаңға шыққандарды тәуелсіздік үшін күрескен жандар қылып көрсететін. Оқиғаның тәуелсіз ел болуға жанама әсері бар. Ал Қазақстан болуымызға КСРО-ның ыдырауы себеп болды.

Дегенмен Желтоқсан оқиғасы дәріптелуі керек. Себебі ол жастардың ғана емес, халықтың үні еді. Ешқандай экстремист немесе радикал сипаттағы қарулы көтеріліс емес еді. Еуропа мен Америкадағыдай сауатты, бейбіт шеру болды. Бұл сол кездегі жастардың білімі жоғары екенінін көрсетеді. Дегенмен оларды түсінуге Кеңес билігінің өресі жетпеді. Міне, осы жағы көбірек айтылуы керек деп ойлаймын.

Елімізде Тәуелсіздік мерекесі көңіл-күйін Жаңа жыл басып кетеді. Десек те Жаңа жыл халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, оның несі жаман? Ал Желтоқсан оқиғасын қайта-қайта еске түсіріп, жабырқай бермеу керек. Ол – тарих, оқиға болды, өтті, кетті. Тарихқа салқынқанды қараймын. Дұрысы – өткеннен сауатты сабақ алу.

Айым Тасова, 8-класс оқушысы:

“Желтоқсаншылар жайлы көлемді кітап жазылса, оқыр едік”

Фото жеке архивінен

Желтоқсан оқиғасы қазақ жастарының ашынуынан болды. Олар сол кездегі ҚазақКСР басшысының қазақ ұлтынан шыққанын қалады. Меніңше, жастар көтеріліске шықпағанда біз әлі күнге дейін Ресейдің қарамағанда жүруші едік. Ақыр соңында қазақтығымыз жойылар ма еді?!

Бізге мектепте мұғалімдер болсын, ата анамыз болсын Желтоқсан оқиғасын айтады. 16 желтоқсан жақындағанда мектепте арнайы іс-шаралар өтеді, қабырға газеттері шығарылады. Мұғалімдер Тәуелсіздік күніне орай және желтоқсаншылар жайлы эссе жазғызады. Қазір пандемияға байланысты оның бәрі онлайн өтіп жатыр. Желтоқсан оқиғасы туралы “Желтоқсан желі” әнін білемін, “Желтоқсан қаһарманы” деген деректі фильм көргем.

Алаңда болған оқиғаны, яғни қыздарды шашынан тартып, ұрып-соғу, көп адамның қаны төгілуі қазір бізге айтқанға оңай. Ал сол кездің шын қайғысын алаңдағылар мен 1986 жылы өмір сүргендер түсінеді деп ойлаймын.

Ендеше, ондай наразылық ұмытылмауы керек, қазіргіден де кеңірек насихатталуы қажет. Мысалы, қазір елімізде Волонтерлар лигасы бар. Лига құрамындағылар режиссерлармен, журналистермен, желтоқсаншылармен бірігіп, жап-жақсы деректі фильм түсіруіне болады деп ойлаймын. Желтоқсаншыларға арнап көлемді, мәліметі көп кітап жазылса да, оқыр едік.

Марина Аманжолова, магистрант:

“16 желтоқсан қаралы күн бе, мереке ме?”

Фото жеке архивінен

Қазақстанның егемендігі бір Желтоқсан оқиғасымен келген жоқ. Ол ұзақ жылғы күрестің нәтижесі. Дегенмен бұл оқиғаның тікелей әсері болды. Олай дейтінім, қазақ әрқашан еркіндікке, тәуелсіздікке ұмтылатын. Сол тарихи жады 86-жылы қайта оянды. Оған ел басшысы ретінде басқа ұлт өкілінің сайлануы әсер етті.

Әр адам бұл оқиға туралы өзі ізденіп, білуі керек деп ойлаймын. Мектепте желтоқсаншылардың естелігі жайлы кітап оқыған едім. Атауы есімде қалмапты. Бұл наразылық жайында көркем фильм, өнер туындысын білмейді екенмін. Сондай ірі оқиға ақпарат, өнер саласында насихатталуы керек деп ойлаймын.

Желтоқсан оқиғасы болған дата мен Тәуелсіздік күні қатар келеді. Содан бұл күнге қатысты екіұдай сезім туатын сияқты. 16 желтоқсанды құрбан болған желтоқсаншыларды еске алып, қаралы күн ретінде қабылдау қажет пе, әлде егеменді ел болған күн деп тойлаған дұрыс па? Меніңше, бұл күнді қантөгіспен келсе де, бізге жеткен тәуелсіздік таңы ретінде қуанышпен қарсы алғанымыз жөн.

Атаулы датаның Жаңа жыл мерекесі тасасында қалып қоятыны да бар. Ол үшін халық патриот болуы керек, демек Желтоқсан оқиғасы көбірек насихатталуы қажет.

Тілек Ырысбек, ақын, дизайнер:

“Желтоқсан оқиғасы мен Қазақстанның тәуелсіздік алуы – екі тарих”

Фото жеке архивінен

Бұл наразылық, біріншіден, Қазақстаннан бөлек Кеңес одағы құрамында болған өзге елдердің тәуелсіздік жолындағы күресіне дем берді. Ал сол кездегі Қазақстан үкіметі (ҚазақКСР – ред.) тәуелсіздікті алғашқылардың бірі болып алуға тырысқан жоқ. Керісінше одақты сақтап қалуға барын салып бақты. Айтайын дегенім, Желтоқсан оқиғасы Кеңес одағының тарауына ықпал етсе, Қазақстан үкіметі (ҚазақКСР – ред.) оны сақтап қалуға барын салды. Тәуелсіздікті біз амалымыз қалмағандықтан алғандай болдық. Мен үшін Желтоқсан оқиғасы мен Қазақстанның тәуелсіздік алуы – екі тарих. Болашақ бұл оқиғаға жаңа бағасын береді деп пайымдаймын.

Мектепте бізге Желтоқсан оқиғасы мен Тәуелсіздіктің егіз ұғым екенін үйретті. Ашық сабақтарда Қайрат Рысқұлбеков болып “еркек тоқты құрбандық” деп өлең оқыдық. Сол сәттен қалған естелік суреттер де бар. “Желтоқсан желі” әнін тыңдадық. Кейін Қалдыбай Әбеновтің “Аллажар” фильмін, Есенғали Раушановтың өлеңіне жазылған Лесбек Амановтың “Қара бауыр қасқалдағын” тыңдадық.

Бұл – тотолитаризмге жасалған ауқымды наразылық. Сондықтан оқиға өзектілігін ешқашан жоғалтпайды. Оның маңызы халықаралық деңгейде көтерілуі керек. Оған қоса, наразылықтың басы қасында болған және бұйрық берген адамдарды да әшкерлеу керек. Олар дәл қазіргі уақытта кім? Сол кездегі қаламгерлер – өз алдында бөлек әңгіме.

Желтоқсан оқиғасына осынша жыл, Тәуелсіздік күні дегенімізбен, 16 желтоқсан күнгі мерекені Жаңа жылдық көңіл-күй басып кетеді. Тілінен айырлыған адам мәдениеті мен тарихынан да айырылады. Бұлар тілсіз адамдардың әрекеті. Сондықтан тілсіздердің билігі жүрген қоғамда бұндай тарихи оқиғаларға немқұрайлық танытады. Ал немқұрайлық бәрінен қауіпті. 16 желтоқсан – мерекелейтін емес, аза тұтатын күн.