Биылдан бастап қазақстандық 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді

Енді жыл сайын 50 үздік ғылыми қызметкерге 5 миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Мұндағы механизм «ЖОО үздік оқытушысы» конкурсына ұқсас болады. Бұл «Ғылым туралы» Заңға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес мүмкін болып отыр, — деп жазды министр.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, биылдан бастап қазақстандық 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтуге жіберіледі.

Биылдан бастап 500 ғалымды әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамалардан өтуге жіберу және «Жас ғалым» жобасы аясында 1 мың грант бөлу бойынша жұмыстар қолға алынады, — деді ведомство басшысы.

Білім және ғылым министрі сонымен бірге Қазақстандағы 20 жоғары оқу орнының метериал-техника базасы жаңаратынын айтты.

Еліміздегі 20 университет «Академиялық артықшылық орталықтары» жобасы аясында қаржыландыруға ие болады. Яғни, бұл – жиырма оқу орны материалдық-техникалық базасын айтарлықтай жаңартуға мүмкіндік алады деген сөз, — деді Асхат Аймағамбетов.

Ведомство басшысы ғылым саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ғалымдарға тың бастамалары мен жобалары, батыл идеялары мен бірегей зерттеулері үшін алғыс айтты.

Айта кетейік, мұның алдында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды мерекесімен құттықтады.