Сәуірдің соңында QazVac вакцинасының 50 мың дозасы шығарылады

Ведомство басшысының айтуынша, отандық QazVac вакцинаcы клиника зерттеуінің соңғы үшінші кезеңінен өтіп жатыр. 2021 жылғы сәуірдің соңында 50 мың доза көлемінде вакцинаның алғашқы партиясы қолжетімді болады.

Вакцинаны жасау және оның үшінші кезеңге жетуі ғалымдарымыздың жеңісі деп білемін. Бұл жетістік ғылым саласындағы биологиялық қауіпсіздік бөлігіндегі зор әлеуетімізді көрсетеді. Министрліктің ғылым комитетіне қарасты биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында мол тәжірибесі бар әлемдік деңгейдегі ғалымдар жұмыс істейді. Ғылымның осы бағытын дамыту және институтты қолдау үшін кешенді шаралар қабылданып жатыр. Мен ғалымдарымызды қолдауға шақырамын, олар бұған лайық, – деді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, 31 наурызда Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі коронавирусқа қарсы қазақстандық QazVac вакцинасының дайындалу процесін жариялады.