Бұл туралы Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласы әкімдігінде өткен актив жиынында жаңа қала әкімін таныстырды.
Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі мен Қызылорда қалалық мәслихатының келісімдері бойынша облыс әкімінің 2021 жылдың 8 сәуірдегі өкімімен Қызылорда қаласының әкімі лауазымына Ғанибек Қазантаев тағайындалды, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда әкімі қызметінен кеткені туралы хабарланған еді. Енді ол Премьер-министр кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі.
Ғанибек Қазантаев 1960 жыл Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын инженер құрылысшы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін мұнай-газ кен орындарының инженері мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1980 жылы Жалағаш ауданында жылжымалы механикаландырылған колоннаның мастері болып бастады.
1981-1983 жылдары Кеңес әскері қатарында болды.
1983-1992 жылдары Қызылорда облысындағы құрылыс мекемелерінде мастер, өндіріс-техникалық бөлімінің бастығы, бас инженер болып қызмет атқарды.
1992-2013 жылдың 30 маусымына дейін «Нефтегаз строй Кызылорда» корпорациясының президенті, «АйДан» ЖШС-гі атқарушы директоры, «Ақмешіт» АҚ президенті, «Сырдария мұнай» АҚ Бас директоры, «Транснефтьсервис» БК» ЖШС-нің Бас директоры болды.
2007 жылдан 2013 жылға дейін «Kazpetrol Group» ЖШС-нің атқарушы директоры қызметін атқарды.
2013 — 2019 жылы Сырдария ауданының әкімі лауазымында болды.
2019 жылдың қазан айынан бастап Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының оңтүстік өңіраралық басқарма басшысы қызметіне келді.