Алексей Цой әзірше коронавирусқа қарсы вакцина салдырмайды

Бұл туралы министр Нұр-Сұлтандағы емхана жұмысын тексеруге барған кезде айтты, — деп хабарлады «Хабар 24» арнасы.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, қазақстандық «QazVac» вакцинасы қазір сынақтың соңғы сатысынан өтіп жатыр. Осы айдың соңына қарай қолданысқа енуі мүмкін.

Ведомство басшысы Қарағандыдағы фармацевтика зауытында өндіріліп жатқан ресейлік «Спутник V» вакцинасы отандық өнім екенін айтты.

«Спутник V» де қазақстандық вакцина. Ол біздің елде өндірілген. Субстанциясы Ресейге тиесілі шығар. Бірақ вакцина Қазақстанда өндірілді. Сондықтан оны отандық өнім деп айтуға болады. Сыртқы қаптамасында да Қазақстанда шығарылған деп жазылады, — деді Алексей Цой.

Айта кетейік, кеше кешке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағандыдағы фармацевтика зауытында өндірілген «Спутник V» вакцинасын салдырғаны хабарланды.