ҰБТ қашан және қалай өтеді?
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қарынованың айтуына қарағанда, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу 15 сәуір мен 30 маусым аралығында өтеді. Тест тапсыратын 120 мыңнан астам оқушы бар. ҰБТ-ға өтінішті App.testcenter.kz сайты арқылы беруге болады.
ҰБТ алғашында екі функцияны атқарды. Тестілеу нәтижесі мектеп бітіргені жөніндегі аттестат алу және жоғары оқу орнына түсу, яғни мемлекеттік грант конкурсына қатысу үшін керек болды. Бұл күні ҰБТ жоғары оқу орнына түсу үшін мемлекеттік грантты жеңіп алу конкурсына қатысу үшін керек. Бұл — әлемдік практика. Дүниежүзінің көп елінде осындай әдіспен жоғары оқу орнына түсу үшін тестілеу жүргізіліп келе жатыр, — деді Шолпан Қарынова.
Пәндер саны бұрынғыдай — 3 міндетті және 2 таңдау бойынша пән. Тест тапсырмасының саны да өзгермеген. 120 тапсырма, ең жоғары балл — 140.
Қазақстан тарихы пәні бойынша 15, матемтика сауаттылығы бойынша 15, оқу сауаттылығы бойынша 20, екі бейінді пәннен 35 тапсырмадан беріледі.
Тест тапсыруға берілетін уақыт та өзгермейді — 4 сағат немесе 240 минут. Көзге арналған және дене жаттығуларын орындау үшін 60 минуттан кейін 2 минут, 120 минуттан соң 15 минут үзіліс жасауға болады.
Қатысушылар тапсырмаларды кез келген пәннен бастай алады. Сонымен бірге тестілеу аяқталғанға дейін жауап берілген сұрақтарға оралып, түзету жасай алады. ҰБТ кезінде талапкерлерге ыңғайлы болуы үшін компьютер экранында калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелері қолжетімді болады.
Карантин шектеулеріне байланысты барлық санитария-эпидемиология талабы сақталады. Тест тапсырушы ғимаратқа маска тағып келуге және 2 метр арақашықтықты сақтауға тиіс. Әр талапкердің әйнекпен қоршалған өз орны болады.
Биылғы тестілеудің қандай ерекшеліктері бар?
Тестілеу тұңғыш рет электрон форматта болады. Айта кетейік, ҰБТ 2004 жылдан бері қағаз форматында өткізіп келеді.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың сөзінше, биылғы ҰБТ-ның тағы бір ерекшелігі — жоғары оқу орнына түсуші үміткер тестілеуді қай күні, қайда тапсыратынын өзі таңдайды.
ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік бар, мектеп түлегі ең үздік нәтижесі бар сертификатты мемлекеттік грант конкурсына ұсына алады. Нәтижені тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. Тестілеу қорытындысы бойынша жиналған ұпай саны экранға шығады. Сонымен бірге ҰБТ қатысушысы қандай сұрақтарға қате жауап бергенін бірден көре алады.
Тест тапсырушы нәтижесімен келіспесе, сол компьютерден 30 минут ішінде аппеляцияға бере алады. Аппеляция 30 күн ішінде қарастырылады. Нәтижесі тест тапсырушының жеке кабинетінде көрсетіледі.
ҰБТ «бір тестіленуші — бір компьютер — бір камера» қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Аудиторияда не болып жатқанын көрсететін камералардан басқа, тестіленуші отыратын әр үстелдің үстінде тағы бір камера орнатылады. Прокторинг пен бейнебақылаудың заманауи жүйесі және ҰБТ-да бөгде адамдарды болдырмау үшін Face ID цифрлық сәйкестендіру құрылғысы пайдаланылады.
Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлдік. Тестілеу шифрлау элементтері бар арнайы жабық VPN желісі арқылы өтеді. ҰБТ электрон форматта объективтік пен академиялық әділдік жағынан бірқатар артықшылыққа ие. Нақтырақ айтқанда, нұсқалардың және дұрыс жауап кодтарының қайталанбауы, — деді Әділет Тойбаев.
Ережелердің сақталуын арнайы компьютер бағдарламасы бақылайды, бұл тыйым салынған заттарды қолдану фактілерін автомат түрде анықтайды. Егер ҰБТ тапсыру кезінде талапкердің смартфон, шпаргалка және тағы басқа тыйым салынған заттар пайдаланғаны анықталса, тестілеу автомат түрде тоқтатылады, нәтиже жойылады.
Тестілеу процесін қосымша ахуалдық орталық бақылайды. Сонымен бірге ҰБТ-ны өткізу рәсіміне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Арнайы мониторинг тобы мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері шақырылады.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов әр тест тапсырушының видеожазбасы сақталатынын айтты.
Оны өзіміз қараймыз және арнайы компьютерлік бағдарлама автомат түрде жұмыс істейді. Ереже бұзғандарды анықтаймыз. Сонымен бірге Education.kz сайты арқылы кез келген ата-ана баласы қалай тапсырып жатқанын көре алады. Барлық видеожазба осы жылдың 25 тамызына дейін қайта қаралады. Тыйым салынған зат немесе ереже бұзу фактісі анықталса, тест тапсырушының нәтижесін жоюға құқымыз бар, — деді Дидар Смағұлов.
Шекті балл қанша?
Педагогика мамандықтары бойынша білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ-ның шекті балы 75 баллға дейін көбейді.
Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін немесе ақылы негізде оқуға түсу үшін:
- Педагогикалық ғылымдар саласы бойынша кемінде 75 балл;
- Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина) саласы бойынша кемінде 65 балл;
- Ауыл шаруашылығы және биоресурстар және Ветеринария білім беру салалары бойынша кемінде 60 балл;
- ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, ал басқа жоғары оқу ұйымдарына кемінде 50 балл қажет.